XVIII жазғы Азия ойындарында көркем гимнастикадан Қазақстан командасы ел қоржынына жетінші алтын медалін салды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бұл сында ел намысын Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова қорғап, Азия ойындарының алтынын иеленді. Отандастарымыз өнер көрсету барысында жалпы 159.850 ұпай жинап, Өзбекстан мен (күміс жүлде) Оңтүстік Кореяны (қола жүлде) артта қалдырып кетті.

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупованың айтуынша, шәкірттері 2010 жылдан бері бұйырмаған Азиаданың командалық есептегі алтынын қайтарып отыр.

«Қыздар жарады! Ең соңына дейін шыдамдылық танытып, чемпион атанып отыр. Айтарға сөзім жоқ. Біз гимнастарға қандай да бір медаль алу туралы мақсат қоймадық. Әр спортшының мейілінше жақсы өнер көрсетуіне мән берген едік. Міне, олар бар күштерін жұмсап, тартысты бәсекеде топ жарып отыр. Команданың көрсеткішіне көңілім толады. Бұл Азия ойындарына қатысып отырған ең жас құрама. Небары 16-17 жастағы қыз балалар. Осы құрам бізге 2010 жылдан бері бұйырмаған Азиаданың командалық есептегі алтынын қайтарды. Біздің төккен теріміз, еңбегіміз зая кетпеді. Дәл қазіргі қуанышым шексіз. Баршаңызға алғысым зор. Жекелей сында да жүлдеге таласамыз», — дейді Әлия Юсупова.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK