Иондонезияның Джакарта мен Палембанг қалаларында XVIII жазғы Азия ойындары өтуде. Байрақты бәсекеде отандастарымыз намысты қолдан бермей жақсы өнер көрсетіп келеді. 18-ші тамызда басталған жарыс 2 қыркүйекте өз мәресіне жетеді. Жалпы, Азия ойындарына төрт жүзден (440) астам спортшы келген. Олар бүгінде 462 медаль жиынтығын сарапқа салып, үздіктерін анықтауда. Ал, қазақстандық атлеттер спорттың 38 түрі бойынша шеберлік байқасып жатыр. Осы орайда taldykorgan-online.kz порталы жеңімпаз атанып үлгерген чемпиондарды назарларыңызға ұсынады.

Ұлттық құраманың қоржынына түскен алғашқы жүлде алтын болды. Қазақстандық семсерлесуші Дмитрий Алексанин финалда Рио Олимпиадасының чемпионы Сан Ен Пакты ұтып, Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

Соңғы секундтарда сәтті шабуыл жасаған отандасымыз Джакартадағы жеңісін қапияда қаза болған мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің рухына арнады. Айта кетейік, Дмитрий жартылай финалда Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Джунг Джинсуннан басым түскен болатын.

Қазақстан құрамасына қос бірдей екі алтынды сыйлаған велошабандоз Алексей Луценко мерейімізді тасыта түсті.

Спортшымыз 150 шақырымдық топтық бәсекеде және 40 шақырымдық жекелей сында да үздік атанып, Азия ойындарының чемпионы атанып отыр. Еске сала кетсек, Алексей 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да топ жарған.

Ал, қоржынымызға төртінші алтынды джиу-джитсу шебері Дархан Нортаев салды. 62 кг салмақта бақ сынаған отандасымыз финалда Біріккен Араб Әмірлігінен келген қарсыласы Омар әл-Фадлиден басым түсті.

Бүгінде 21 жасқан келген жас спортшының айтарлықтай жетістіктері бар. Дархан джи-джитсуден 2016 жылы әлем чемпионы атанса, 2017 жылғы әлем біріншілігінде қола алған. Биыл Ақтауда өткен Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан қол бұлғады.

Дәл осы спорт түрінен ел намысын қорғаған Руслан Исраилов та Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

77 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан отандасымыз ақтық бәсекеде қырғыз спортшысы Нұрсұлтан Әлімқұловпен кездесіп, ұпай жағынан басым түсті. Айта кетейік, бұл – Қазақстан құрамасының қоржынына түскен бесінші алтын медаль болатын.

Жалпы, бұл жолғы Азия ойындары да қазақстандық спортшылар үшін сәтті өрбуде. Сондай сәттілікті серік еткен саңлақтарымыздың бірі Гузалия Гафурова. Каратеші қызымыз 68 келі салмақта бақ сынап, барлық қарсыластарын қоғадай жапырды.

Алтын медаль үшін өткен айқаста отандасымыз қытайлық қарсыласы Танг Линглингті тізе бүктірді. Гузалия Азия ойындарында осымен екінші рет топ жарып отыр. Жалынды спортшымыз 2014 жылы Инчхондағы жарыста да жеңіс тұғырынан көрінген еді.

Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері жазғы Азия ойындарына осымен жетінші мәрте қатысып отыр. Тұңғыш рет 1994 жылы Хиросимада өткен ойындарға қатысып, 25 алтын, 26 күміс, 26 қола медальмен жалпы есепте 4-ші орынға ие болған. Ал, 1998 жылы Бангкокта өткен Азия ойындарында 24 алтын, 24 күміс, 32 қола медальмен жалпы есепте 5-ші орынға табан тіреді. 2002 жылы Пусанда өткен ойындарда 20 алтын, 26 күміс, 30 қола медальмен қайта 4-ші орынға ие болса, 2006 жылы Дохада өткен Азиадада 23 алтын, 20 күміс, 30 қола медальмен үздік төртінші орынды сақтап қалды. Ал, 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында 18 алтын, 23 күміс, 38 қола медальмен бесінші орынға сырғысақ, 2014 жылы Кореяның Инчхон қаласында жалауын желбіреткен Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медальмен жалпы есепте қайтадан төртінші орынға көтерілдік.

Төрт жылда бір рет келетін дүбірлі додада қай елдің жүлдесі көп болады? Қазақстан нешінші орынға жайғасар екен? Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Әзірге ұлттық құрамамыз 6 алтын, 8 күміс және 28 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте 11-орынды құрап отыр. Саңлақтарымызға сәттілік серік болғай!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK