Талдықорған қаласының орталық «Иман» мешітінде «Мектепке жол» акциясы бойынша қайырымдылық шарасы өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын бұл игі іс дәстүрге айналған. Аталмыш шараға мешіт қызметкерлерімен бірге Талдықорған өңірі бойынша «Уақып» және «Зекет» қайрымдылық қорлары да өз үлестерін қосып отыр.

Шара барысында өңірдің өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы мектеп оқушыларына сөмке үлестіріп, артынша балғындарға ақ батасын берді. Сонымен қатар имамдар балаларға тәтті балмұздақтар таратып, қуаныштарын еселей түсті.

Мешіт ауласында арнайы ұйымдастырылған «Аңдар әлеміне саяхат» атты мәдени-ойын сауық шарасы да жас жеткіншектердің мерейін тасытты.

Өз кезегінде ата-аналар көмек қолын созған барлық жаны жомарт жандарға аналық алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

Жалпы, дәл осы күні мешітте 250 сөмке оқу құралдарымен бірге таратылса, өңір бойынша 3000-нан астам балаға көмек беріліп, қайырымдылық жасалды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK