Бүгін Талдықорған қаласында ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Облыс орталығына жақын орналасқан Ескелді, Көксу, Қаратал аудандарынан бөлек, Талдықорған мен Текелі қаласының тауар өндірушілері жаз бойы өздерінің өсіріп, өндірген табиғи таза, құнарлы да сапалы өнімдерін ел көңілінен шығатындай бағада ұсынды.

Жәрмеңке Д.Қонаев көшесінде және «Адал» көлік жуу ғимараты мен Н.Алдабергенов көшесінің аралығында өтті. Ауыл шаруашылығы тауарларының саудасын қыздырған сатушылар да, экологиялық таза өнімдерге қол жеткізген тұтынушылар да дән риза. Жалпы, бұл базардан өнімнің түр-түрін кезіктіруге болады. Елуге жуық тауар сатылымға шыққан. Құны да көңілге қонымды, тауарлары нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан.

Мәселен, қазіргі таңда сиыр етінің орташа бағасы 1700 теңге болса, жәрмеңкеде бұл көрсеткіш 1400-ді құрайды. Сондай-ақ, қой етін 1100, жылқы етін 1600 және тауық етін 550 теңгеден сатып алуға мүмкіндік бар.

Тұрғындар құрт, май, ірімшік сынды сүт өнімдерін және көкөністер мен жеміс жидектерді қол жетімді бағамен алды. Күнделікті тұрмыста қолданылатын қант, шай және жұмыртқа мен ұнды да сатып алуға асыққандар аз болған жоқ. Балыққа да сұраныс жоғары. Әсіресе, Текеліден әкелінген бал өзінің ерекше дәмімен жұртшылықты тамсандырып қойды.

Галина Измайлова, зйнеткер: — Маған Текелінің балы қатты ұнайды. Себебі, олар өте дәмді келеді, адам денсаулығына да өте пайдалы.  Жәрмеңке болатынын естіп, бал сатып алуға осында арнайы келдім. Бағалары арзан, қол жетімді екен.

Елена Аксенова, сатушы: — Жан-жаққа хабарландыру беру керек. Сонда бұл жерге адамдар бұданда көптеп келуші еді. Осы жағы сәл ғана кемшілік болып тұрғандай. Жалпы, шара жақсы ұйымдастырылған. Базар мен мұндағы бағаның айырмашылығында өзгешелік бар. Біздің қойып отырған құнымыз төмен.  Халыққа осындай арзан бағада алған тиімді ғой.

Иә, ұзыннан ұзақ шатырлар тігілген көшеде сауда қызу жүрді. Қалаға бар жиған тергенін үйіп төгіп алып келеген тауар өндірушілердің өнімдерін халық дорбалап әкетіп жатты.

Аманғали Сағындыков, зейнеткер:Бұл жәрмеңкенің қарапайым халық үшін пайдасы мол. Себебі, біз бұл жерден қалаған затымызды табуға, таңдауға және қалта көтеретін бағамен сатып алуға мүмкіндігіміз бар. Сапасына да күмән келтірмейміз. Сондықтан мұндай шаралар жалғасса екен деймін. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға да айтар алғысымыз шексіз.

Виктор Федорович, сатушы: — Жәрмеңке жақсы өтуде. Бізге жағдай жасап, тауарларымызды сатуға мүмкіндік беріп отырған ұйымдастырушыларға көп рахмет. Халыққа да, бізге де пайдасы тиімді осындай шаралар көбірек болса деймін.

«Осымен жәрмеңкеге екінші рет шығып тұрмын. Алдағы уақытта тағы ұйымдастырылатын болса, қуана келемін. Жалпы, тұтынушылар керек затын тиімді бағада алып жатыр. Мысалы, мен ірі қара малының етін 1400 теңгеден сатып отырмын. Негізі, мұндай бағаны базардан кезіктіре алмайсыз», — дейді «Қарағаш» сауда үйінен арнайы келген Теміргүл Ахметова.

Елден қалыспайын деп жәрмеңкеге талдықорғандық кәсіпкер Бөрібай Қызырқан да арнайы келген. Ол картоптың бір келсін 60 теңгеден, қызанақты – 70, қиярды – 130 ал, алманың бір келісін 200 теңгеден саудалауда. «Бағасы тиімді болғандықтан, халық жақсы алып жатыр», — дейді саудагер. Бөрібайдың бұл кәсіппен айналысып жүргеніне сегіз жылдан асыпты. Қияр мен қызанақ өсірудің маманына айналған шаруа,  алдағы уақытта болатын жәрмеңкеге тағы да келемін деп отыр.

Талдықорғанда ауыл шаруашылық жәрмеңкесі осымен екінші рет өткізілді. Қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, келесі аптаның соңына қарай тағы да осындай шара ұйымдастыру жоспарда бар. Ал, 12 қыркүйек күні Астана қаласында мәдениет күніне орай Алматы облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізілмек.

Жалпы, бүгін  жәрмеңкеде барлығы 54 млн. теңгенің 140 тонна ауылшаруашылығы тауарлары саудаланды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK