Биыл «Құрбан айт» мерекесінде үлкен көлемде марафон өтеді. Аталмыш жарыс орталық «Иман» мешітінде айт намазы оқылып болғаннан кейін басталмақ. Тек қана жасы он сегізден асқан азаматтар қатысатын марафонның ұзақтығы төрт шақырымға созылады деп күтілуде. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар дайындалған. Бұл жөнінде бүгін мешіт имамдары қатысқан баспасөз-мәслихатында айтылды. Одан бөлек, «Құрбан айт» мерекесінде жасалатын діни жоралғылар сөз болып, брифинг қонақтары тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.

«Құрбан айт» мейрамы биыл тамыздың 21-де яғни, мұсылман күнтізбесі бойынша Зулхижжа айының 10-шы күні басталады. Айт намазы таңғы сағат 07:00 де оқылады.

Діни мерекеге облыс орталығында орналасқан мешіттер жақсы дайындалғандығын байқауға болады. Жиында алғаш болып, Талдықорған өңірі бойынша өкіл имам Ардақ Оразбаев сөз бастады. Айтуынша, «Құрбан айт» мерекесі — мұсылман қауымы үшін «Ораза айтынан» кейінгі ең ұлық мерекенің бірі болып табылды.

«Жалпы, араб тілінен аударғанда «құрбан» жақындау деген сөз. Терминдік және шариғи жағынан алып қарайтын болсақ, құрбандық шалу арқылы адамдар Аллаға жақындау мағынасын білдіреді. «Құрбан айт» Ислам дініндегі ең үлкен мерекенің бірі болғандықтан, біздер үшін оның алар орны ерекше. Себебі, бұл ұлы күнді әлемдердің жаратушысы Алла өзі белгілеп берген», — дейді өкіл имам. Сонымен қатар Ардақ Нүсіпханұлы құрбан шалу Ибрахим пайғамбардан қалған сүннет амал екендігін айтып, оның адам баласы үшін сауапты игі іс екендігін түсіндіріп өтті. Құрбан шаларда малдарды қалай таңдау керектігін тілге тиек етіп, ондағы негізгі шарттарды да ұмытпауға кеңес берді.

«Құрбан шалатын адам малдың ең жақсысын (семізін) таңдағаны абзал. Бойында кем кетігі бар яғни, аяғы ақсақ, көзі соқыр, мүйзі сынған және тым арық келген малдар құрбандыққа жарамсыз болады», — дейді.

Талдықорған қаласы «Құрбан айт» мейрамын жылда жоғары деңгейде атап өтіп келеді. Биыл да айтулы мерекеге орай бірнеше мәдени, спорттық шаралар ұйымдастыру көзделген. Мұндағы негізгі мақсат – «Құрбан айт» мерекесінің дәрежесін көтеру.

«Аллаға шүкір, жыл өткен сайын Республика көлемінде Құрбан айттың маңызы артып келеді. Мәселен, Құрбан айт — мемлекеттік мереке ретінде қабылданып, бірінші күнінде демалыс жарияланып отыр. Осының өзі мұсылман қауымы үшін үлкен мәртебе», — дейді А.Оразбаев.

Айт намазынан кейін марафон бірден басталып кетеді. Жарыс «Иман» мешітінің үлкен кіреберісінен бастау алмақ. Қатысушылар Алдабергенов, Астана, Балапанов және Рақышев көшелерімен жүгіріп келіп, мешіттің құбыла жаққа қараған артқы қақпасына келіп тоқтайды. Имамдар, бұл маршруттың жалпы ұзындығы 3 шақырым 800 метірді құрайды деп отыр. Марафонда мәре сызығын алғаш болып кескен он қатысушыға дейін жас ерекшеліктеріне қарап, бағалы сыйлықтар берілмек. Одан бөлек, мешіт айналасында құрбан шалудан қасапшылар жарысы өткізіледі. Мұнда олардың жылдамдылығына, тазалығына және қол икемділігне баса назар аударылады. Сондай-ақ, қала мешіттерінде жылдағыдай гір тасын көтеру, қошқар көтеру, күрес сынды спорттық шаралар көрініс табады. Айтулы мереке аудандарда да жоғары деңгейде өтпек. Мәселен, Ақсу ауданында бәйге, теңге ілу, қазақша күрестен үздіктер анықталады.

Бір айта кететіні, Талдықорған қаласында «Құрбан айт» мерекесінің құрметіне орай 24-ші бағытта жүретін маршруттың жеті қоғамдық көлігі тұрғындарға тегін қызмет көрсететін болады.

«Қазірден бастап Исламдағы мейрамдарымызды осылай жас ұрпақтың санасына сіңіре беруіміз керек. Сонда олардың бұл мерекеге деген құрметі оянып, келесі жылдың айт мерекесін асыға күтетін болады», — дейді «Нұр» мешітінің бас имамы Алмас Данағұлов. Ал, өз кезегінде сөз алған «Жетісу» мешітінің имамы Мұхамед Ордебайұлы журналистер қауымына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. «Атқарылып жатқан түрлі игі шараларды дер кезінде халыққа насихаттап, жұмысымызды көрсетіп беріп жатқан тілшілерге көп рахмет! Бұл да сіздердің дінге қосқан үлкен үлстеріңіз. Алдағы уақытта да тығыз жұмыс жасаймыз деген үмітіміз бар», — деді.

«Құрбан айт» мерекесі жайлы толық мәліметті осы жерден оқи аласыздар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK