2018-2019 оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Жаңа оқу жылының қарсаңында өтетін жыл сайынғы тамыз кеңесі де таяуда. Осы орайда білім көрсеткіші, атқарылған жұмыстар легімен Талдықорған қаласының білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов кеңінен тарқатып берді.

-Жандос Бейсенбекұлы, ең әуелі өткен жылдың қорытындысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

-Әлемдік білім беру кеңістігіне шығуда жаңартылған білім беру бағдарламасымен өткен 2017-2018 оқу жылында Талдықорған қаласындағы 26 орта мектептегі 27 830 оқушыға заман талабына сай саналы тәрбие мен сапалы білім беріп жатқан 2183 ұстаз аянбай еңбек етті. 114 жас маманды жұмысқа қабылдадық. Оқу жылының соңында 1350 мектеп түлегінің 82-і «Алтын белгіге», 40 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Білім сапасы орташа есеппен 60,6% ды кұрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 % артқанын көрсетеді.

-Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер бар?                                                                                                                                        -2016-2018 жылы 1 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес білім алса, өткен оқу жылында  2,5,7 сыныптар көшкен болатын, ал жаңа оқу жылында осы қатарға  3,6,8 сыныптар қосылатын болады.

Дереккөз

 -Биылғы оқу жылына дайындық жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде?

Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты жаңа оқу жылында қосылатын 3,6,8 сыныптарға сабақ беретін 786 педагог жаңа бағдарлама аясында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар жалпы орта білім беру ұйымдарына үш тілде білім беру бағдарламасын енгізу бойынша биология, химия, физика, информатика пәндерінің 117  мұғалімі тілдік біліктілік арттыру курсына қатысты. Қаламызда жыл сайын кемінде 2-3 білім шаңырағы күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда М.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейі мен №13 орта мектебіне толық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш мектеп оқушыларын жаңа оқу жылында жаңаша жағдай жасалып, толық қамтамасыз етілген білім ордасы күтіп тұр. Ең қуаныштысы жаңа оқу жылына оқушылардың терең білім алуымен қатар жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптасуы мақсатында қаламызда бірден жалпы орта білім беретін 1200 орындық екі жаңа мектеп қолданысқа беріледі. Бүгінгі таңда оңтүстік-батыс аудандағы мектепке 700-ге жуық, солтүстік-батыстағы оқу ордасына 600 бала қабылданды. 7 шағын ауданында ашылған №28 орта мектепке және Әлімжанов көшесіндегі №27 мектепке жаңа 2018-2019 оқу жылына 0-11 сыныптарға оқушылар қабылдау әлі де жүргізілуде. Қабылдау күнделікті сағат 9.00-18.00 аралығында аталмыш ғимараттарда жүргізіледі. Байланыс нөмірі 24-18-82, 24-51-76.

Оқулықтар саны жеткілікті ме?  

-2018-2019 оқу  жылында Талдықорған  қаласының  мектеп оқушыларын оқулықпен қамтамасыз  ету үшін  276 101 000 тг қаражат бөлінді. Бөлінген қаражатқа 13 баспамен келісімшарт  жасалып, бүгінгі күнге дейін барлық оқулықтың 92% жеткізіліп, мектептерге таратылды.  Қалған 8% тамыз айының  25  дейін келісімшартқа сәйкес жеткізілуі тиіс. Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 3 мамырдағы  №192 бұйрығына сәйкес бекітілген, пайдалануға рұқсат етілген оқулықтардың   тізімі бар. Осыған сәйкес  биылғы оқу жылына 13 баспамен келісімшарт жасалды.

-Электронды оқулықты шаhарымыздың оқушылары пайдалана ала ма?

-Елбасымыз «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі»-деп атап өткен болатын. Білім беру саласында жаңа оқыту технологияларын қолдану заман талабы. Электронды оқулық оқыту процесін толығымен қадағалау, ақпараттық қабілетті дамыту. Бұл оқушылардың танымдық деңгейін, ойлау қабілетін арттырып, шығармашылық бағытта ізденуге септігін тигізеді.  Бізде  барлық оқулықтардың электронды  нұсқасы бар, ол негізгі оқулықпен бірге жүретін СD дискі.  Яғни оқушының мектепте немесе үйде электронды оқулықты пайдалана алатын мүмкіндігі бар.

 -Оқушылар қанша ауысыммен оқиды?

-Еңбек ауылындағы №22 орта мектеп бір,  ал қаладағы басқа мектептер екі ауысымда оқиды. Үш ауысымда оқитын мектеп жоқ.

— «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының жұмысы жайлы айтып өтсеңіз.

-Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 1-ші тамыздан 30-шы қыркүйек аралығында жалпыреспубликалық «Мектепке жол» акциясы өз жұмысын бастады. Акцияның басты мақсаты — аз қамтылған отбасындағы оқушыларға жаңа оқу жылына дайындықта қолдау көрсету. Бүгінгі күнде Талдықорған қаласының аумағындағы аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан 3253 бала бар. Оның ішінде 2300 балаға «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық көмек көрсету жоспарлануда. Атап айтар болсақ, 25 балаға Алматы облысының басқармалары, 66 балаға Талдықорған қаласының бөлімдері, 709 балаға демеушілер тарапынан, 1500 балаға бюджет қаражатынан.  Аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан балаларға қалалық акция аясында: киім, аяқ-киім, оқулықтар және т.б. оқу құрал-жабдықтарын алуға арналған  5 қабылдау пункті ұйымдыстырылды. Олар «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» ММ, «Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ, Еркін ауылдық округінің әкімшілігі, Өтенай ауылдық округінің әкімшілігі және қала мектептері. Айта кетейік, 2017 жылы аталмыш акция аясында 2245 балаға жалпы 23,2 млн тг көлемінде материалдық көмек көрсетілген болатын. Оның ішінде 1120 бала демеушілердің көмегімен, ал 1125 бала бюджеттік қаражат есебінен жаңа оқу жылына керекті киім-кешек, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген еді.

-Ұстаздарды ынталандыру жағы қалай? Арнайы демалыс орындарына жіберіліп тұрады ма?

-Білім және ғылым қызметкерлерінің Талдықорған қалалық жергілікті кәсіподақ ұйымы қалалық іс-шараларға белсенді түрде атсалысып, қомақты қаржы бөледі. Оның ішінде  қалалық байқауларға 1513,0 мың теңге,  мұғалімдер арасында  спорт  және  туризм бойынша өткізілетін жарыстарға 945,0 мың теңге бөлінді.  Әр түрлі жағдайларға  байланысты қайырымдылық көмек көрсетуге 820,0 мың теңге бөлінді. Биылғы  оқу  жылының  жаз мезгілінде  Білім және ғылым қызметкерлерінің  қалалық жергілікті кәсіподақ ұйымы жазғы демалысын ұйымдастырып, денсаулықтарын түзету мақсатында жалпы сомасы  4526,0 мың  теңге  жұмсалды.

-Оқушылардың жазғы демалысы қалай өтті?

-Талдықорған қаласы бойынша  жазғы демалыспен, сауықтырумен  25570 бала қамтылды. Қаладағы барлық мектеп жанындағы дебаттық үйірмелер жұмыс істейді. Спорт алаңдарында маусым-шілде айларында оқушыларға футбол, волейбол спорттық ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Аз қамтылған отбасының балалары да жазғы демалыста назардан тыс қалмады. Мектеп жанындағы 21 лагерьде 600 оқушыға, Текелі қаласындағы «Эдельвейс» лагеріне 3000 оқушыға тегін жолдама берілді. Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығы мерекесіне орай  «Астана менің Отанымның Елордасы» атты әлеуметтік жоба аясында дарынды, спорттық жарыс жүлдегерлері, аз қамтылған, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, үздік 22 оқушы ағымдағы жылдың сәуір, маусым, шілде айларында демеушілер тарапынан Астана қаласына саяхатқа  жіберілді. Сонымен қатар Талдықорған қалалық әкімдігінің бастамасымен 800 бала Қапшағай, Балқаш көліне бір күндік демалысқа жіберілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK