Дастан Тұрарбекұлы: Жұмыс сапасын әлі де арттыру керек

257
Дереккөз

Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев пәтер иелері кооперативінің қызметі мен күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан қос мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Дереккөз

Бүгінгі таңда шаhарымызда 800-ге жуық көппәтерлі үй бар. Қала басшысы аталмыш тұрғын үйлердің мәселелеріне жауапты  пәтер иелері кооперативінің  жүктелген міндетті қандай деңгейде атқарып жатқандығымен танысып шықты. Ең әуелі “Қаратал” шағын ауданындағы бірқатар тұрғын үйлерді аралап, аулаларының тазалық жұмыстарына көңілі толмайтындығын жеткізді. “Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа ауданнан бой көтерген көздің жауын алатын үйлер. Қолда бардың қадірін білмей отырсыздар. Мұнда тіпті қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Тазалыққа қарамайсыздар. Жасап жатқан жұмыстарыңыздың нәтижесі көңіл көншітпейді.  ПИК тиісті деңгейде жұмыс атқарып жатқан жоқ”-деді. Жұмыс барысында №7 үйдің жертөлесінде салынып жатқан Cent-market талаптарға сай емес екендігі анықталды. Маңайы  құрылыс заттарына, қоқысқа толы. Тұрғындар алғашқы сәттен-ақ  наразылықтарын білдіріп, сотқа беруге мәжбүр болған. “Үйдің төменгі қабатынан дүкен ашудың мүлдем қажеттілігі жоқ. Дәл жанында үлкен сауда орталығы бар. Заңға сәйкес келмейді”-деп істі жауапты мамандарға тапсырды.

Бұдан кейін Дастан Тұрарбекұлы Тәуелсіздік көшесі бойындағы гүлзардың құрылыс жұмысымен танысты. 20 қыркүйекке дейін аяқтап, қала күніне дайын болу қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, маңайындағы тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығын, тазалығын тексерді. “Орталықта орналасқан үйлер. Қоқыс жәшіктерінің арнайы алаңы жоқ. Электр жүйелері дұрыс емес. Өрт шықса кім жауап береді? Үйге кіреберіс жолдың барлығы  қоқыс.  Аулада орналасқан жарық шамдары баяғыдағы 1970-80 жылғылар. Жаңарту қажет. Тапсырманы беру ғана жеткіліксіз, үнемі аралап отыру қажет. Орталықтағы бірқатар дүкендер, дәріханалар архитектуралық талаптарға сай емес. Барлығы тозығы жеткен, ескірген. Сыртын жаңарту керек деп үнемі ескертемін, бірақ бәрі баяғыдай”-деді қала әкімі. №121 үйдің тұрғындары тәулік бойы жұмыс істейтін “Олимп” букмекерлік орталығына шағымдарын білдірді. Айтуларынша күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған. Есіктің алдында қаптаған көлік, жастардың шуы, бейәдеп қылықтары әсіресе қарттарды қажытқан. Әкім орталықты аралап, тиісті органдарға қадағалауға алуды міндеттеп, тапсырма жүктеді.

Оқушылардың сапалы білім алуы ұстаздардың біліктілігімен қатар заманауи талаптарға сай мектептің материалдық-техникалық базасына да байланысты екені белгілі. Биылғы оқу жылында қаламыздағы №5, №13 орта мектеп ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Дастан Тұрарбекұлы аталмыш нысандарды аралап, мердігер компания өкілдеріне ескерту жасады. “Өткендегі ескертулерді ескермей, жұмыс жалғасуда. Қателіктерді дер кезінде түзету қажет. Жұмыстың аяқталу мерзімі тамыздың жиырмасы.  Есік-терезе, еден, ештеңе дайын емес. Ішкі дайындық жұмыстары бар екенін де ұмытпаңдар. Мынадай жылдамдықпен оқу жылына қалай үлгересіңдер? Екі, үш ауысыммен жұмыс жасасаңдар да үлгерулерің қажет”-деп түйіндеді әкім.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK