Тамыз айының үшінші жексенбісі спортшылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев спортшылармен кездесіп, төл мерекелерімен құттықтады. Жиын барысында өзінің жылы ілтипатын білдірген шаһар басшысы спортшылардың алдағы істеріне сәттілік тілеп, сый сыяпатын ұсынды.

Спорт күні мерекесіне арналған салтанатты жиынға қаламыздың спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, Әлем, Азия және Олимпиада жүлдегерлері және спорт мекемелері мен федерацияларының басшылары қатысты. Кездесу барысында Дастан Тұрарбекұлы Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға қолайлы барлық жағдай жасалып жатқандығын атап өтті.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан спортшылары талай биік белестерді бағындырып, дүбірлі додаларда топ жарып жүргендігі де сөз болды. Сонымен қатар, қала әкімі Дастан Шалтабаев «Спортшыларымыз төрткүл әлем көз тіккен, байрақты бәсекелерде еліміздің намысын абыроймен қорғауда. Алдыңғы буын ардагер спортшыларымыздан үлгі алып, өскелең ұрпақ та спортты жандарына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанып келеді», — дей келе қаламызда спортқа ден қойған адамдар саны жылдан жылға артып келе жатқандығына тоқталды. Спортшылардың Республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде еліміздің, соның ішінде Талдықорғанның атын шығарып жүргендіктерін мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, осындай толағай табыстарда жаттықтырушылардың да маңдай тері мен табанды еңбегінің қолтаңбасы жатқандығын да атап өтті. «Бүгінгі күні қаламызда 289 спорт нысандары болса,  барлығы тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына қолжетімді. Алдағы уақытта облыс орталығына жеңіл атлетикалық манеж және халықаралық стандартқа сай суда жүзуге арналған үлкен бассейн тұрғызу жоспарымызда бар. Одан бөлек, қала аумағында бірнеше аула спорт алаңдары салынатын болады», — деді Д. Шалтабаев. Осыдан кейін қала әкімі: «Құрметті ардагерлер мен спорт саласының қызметкерлері! Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға жақсылық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!», — деп сөзін түйіндеді.

Келесіде спортшылар атынан облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің директоры, грек-рим күресінен 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып, қала әкіміне ризашылығын білдірді. Артынша, грек-рим күресінің шебері Дастан Тұрарбекұлына спортшылардан құралған «Жетісу чемпиондары» әуесқой футбол командасының формасын сыйға тартып, бірге футбол ойнауға шақырды. Жиын соңында спортшылар қала әкімімен естелікке суретке түсіп тарқасты.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында 7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты, 1 жоғары спорт шеберлігінің мектебі және 1 Олимпиядалық резерв даярлау орталығы, 21 спорт федерациясы жұмыс жасап жатыр. Бұл мекемелерде 33 спорт түрі бойынша 88 бөлімшеде 6700 спортшы шыңдалуда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK