Жүйелі жұмыс нәтижелі болады — Дастан Шалтабаев

352
Фото авторы А.Нұршанов

Талдықорған қаласы әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Аталмыш жиынға қала әкімі Дастан Шалтабаев, қалалық мәслихаттың хатшысы, қала әкімі аппараты бөлімдерінің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, қалалық бөлімдер, кәсіпорындар, мекемелер, «Нұр Отан» партиясы филиалының, қалалық қоғамдық кеңестің, ардагерлер ұйымының басшылары қатысты.

Фото авторы А.Нұршанов

Әкімдік мәжілісінде қаланың 2018 жылғы I жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және III тоқсанға міндеттері мен ағымдағы жылы қала әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің халықпен есептік кездесулері барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарының орындалу барысы талқыланды.

Фото авторы А.Нұршанов

Алғаш болып баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Талғат Қыдыралиев бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің тұрақты өсуі байқалатындығын атап өтті. Сондай-ақ, өнеркәсіпте өнім шығару көлемі 32,0 млрд.теңгеден асып, жылдық жоспар 44,4 % орындалғанын, негізгі өндіріс құраушы «Қайнар-АКБ» мен «Темірбетон» кәсіпорындары өндіріс көлемін арттырғандығын тілге тиек етті. Жиын барысында ауыл шаруашылық, шағын және орта бизнес, инвестиция және құрылыс, коммуналды сала, газдандыру, жолдар және жолаушы тасымалдау, бюджет, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәртіп салаларындағы атқарылған жұмыстар  жөнінде баяндады. Жетістіктермен қатар кемшіліктер де жоқ емес.

Фото авторы А.Нұршанов

Өз кезегінде Дастан Тұрарбекұлы аталмыш кемшіліктерді жою және жұмыстың сапалы, уақытылы орындалуын қамтамасыз ету үшін бірқатар бөлім басшыларына сын-ескертпелерін айтты. Ағымдағы жылдың 9 шілдесінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуға 21 адам жіберілді. Есепті кезең бойынша бірнеше  жаңа кәсіпкерлік нысандар бой көтерді. Шаhар басшысы бұл көрсеткіштің аз екендігін баса айтты. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысына «Жүйелі жұмыс тәртібі, талдау жоқ. Жүйелі жұмыс қашанда нәтижелі болады. Ай сайын қаламызда шаштараз, сұлулық салоны, шағын болса да кондитерлік орталықтар ашуға болады. Қаншама адамды оқытасыңдар. Нәтижесі болуы керек. Оқуын аяқтағаннан кейін де қадағалап, тиісті шаралар қабылдау қажет. Біз облыс орталығы болғандықтан шағын және орта бизнес бойынша  6 айда 40 мекеме ашуға тиіспіз»-деп нақты тапсырма жүктеді.

Фото авторы А.Нұршанов

Бұдан кейін сөз алған білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов кәмілеттік жасқа толмағандардың ісі мен білім саласындағы жаңалықтар туралы баяндады. «Биылғы оқу жылындағы ҰБТ көрсеткіші  78,4 %. Облыс бойынша 9 орынға тұрақтадық. Тек лицейде ғана дарынды балалар шоғырланған, өзге мектептерде білім деңгейі нашар деген қате түсінік қалыптаспауы керек. Барлығы да Талдықорғанда орналасқан. Педагогикалық құрам бір. Демек оқушыға берілетін білім де бір. Сондықтан барлығының көрсеткіші  бір болуы тиіс»-деді Дастан Шалтабаев. Әкімдік мәжілісіне енгізілген сұрақтар талқыланып, ұсыныстар ескерілді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK