Астананың 20 жылдығына орай, Сарыөзек ауылының орталығындағы «Жастар» алаңына ауыл тұр-ғындары және қонақтар көптеп жиылды. Алаң әсем безендіріліп, көрермендер отырып тамашалайтын орын да ыңғайланыпты. Астана күнін тойлауға еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жиылып, киелі сахнаға көз тікті.

Сөз алған аудан әкімі Махаббат Сәдуақасұлы Бигелдиев көпшілікті құттықтады.
— Ардақты ағайын! Қадірменді қонақтар! Сіздерді ерке Есіл жағасында бой көтерген көрікті Астананың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Астананың тойы – Алаштың тойы. Астана – Тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі де бірегейі. Сарыарқа төсінде сәулеті мен салтанаты келіскен көркем қала Астана бой көтергелі де 20 жыл толып отыр. Жиырма жылдың ішінде жаңа астанасын салып, тәуелсіздігімен мәшһүр болған мемлекет әлемде жоқ десек, артық айтқандық емес. Астананың ажары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елорда төрінде өткен әлемдік келіссөздер — Қазақстанның беделі мен бірлігін арттыратын басты көрсеткіштердің бірі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Астананың әрбір қаланған кірпішіне мән беріп отырғаны белгілі. Демек, біз Мемлекет басшысын Астананың бас сәулетшісі десек, қателеспейміз. Астана – Қазақстанның ең жас қаласы. Өзге қалалар Астанаға қарап, бой түзейді. Келбетті қаланы аялы алақанымызда ұстап, Астана күнін барша ел болып тойлау – біздің маңдайымызға жазылған бақыт деп бағалаймыз. Астана күні астаналықтардың ғана емес, барша қазақтың мерекесі. Бүгінгі думанды мерекеміз де — соның айғағы. Астана – бейбітшіліктің бесігі. Сол бейбітшілігіміз бен тұтастығымызға сызат түсірмей, жарқын болашақтың іргесін қалау — әрбір қазақстандықтың міндеті болып саналады.
Той құтты болсын! Астананың жиырма жылдық мерекесі жүз жылдықтармен жалғассын дегім келеді. Әр шаңырақтың бірлігі мен берекесі арта берсін. Барлықтарыңызға денсаулық, мол табыс тілеймін. Ел өркендеуі жолында еңбек ете берейік.
Астана күніне арналған жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Сарыбаев, ауданның Құрметті азаматтары — Нұрбай Жантілеуов және Назар Суанбаев «Астанаға — 20 жыл» медалімен, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының Алғыс хатымен Қарашоқы ауылдық округінің әкімі Дина Ақбасова,
Басши ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Тұрған Дербісов марапатталды.
Бұдан соң «Меломен» тобы мен аудандық Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінің әншілері эстрадалық және халық әндерімен қатар, аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің сөзіне жазылған композитор Бауыржан Есебаевтың әндерін әуелете шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Айнаш МӘМІЛЕНҚЫЗЫ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK