Талдықорған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандарымен топырақтың тазалығын бақылау мақсатында 2017 жылы — 11 сынама, 2018 жылы — 17 сынама санитариялық-гигиеналық, микробиологиялық, парази-тологиялық және радиологиялық көрсеткіштеріне алынды. Алынған сынамалар гигиеналық талаптарға сәйкес келеді.

Топырақ – үлкен табиғи зертхана. Онда фотохимиялық үрдістер, органикалық заттардың ыдырауы мен түзілуінің әр түрлі күрделі үрдістері үздіксіз жүріп жатады.

Топырақта  түрлі патогенді бактериялар, вирустар, қарапайым  гельминт жұмыртқалары тіршілік етіп және өліп отырады. Ластанған топырақ ағзаға тікелей немесе жанама улылық, аллергендік, канцерогендік, мутагендік және басқа әсерін көрсетуі мүмкін екені дәлелденген. Сондай-ақ, ол адам денсаулығына және оның санитарлық өмір жағдайларына үлкен әсер көрсете алады. Өсімдік  және жануар тектес өнімдердің сапасы топырақпен тығыз байланыста.

Топыраққа өздігінен тазару қабілеті тән. Оның барысында органикалық ластаушылар қарапайым бейорганикалық заттарға дейін ыдырайды (минералдану), көптеген патогенді микроорганизмдер өледі (залалсыздану), экзогенді химиялық ластаушылардан біртіндеп тазару үрдісі (детоксикация) жүреді, ал ыдырау өнімдерінен топырақтың құнарлық қасиетін арттыратын жаңа органикалық заттар түзіледі (қарашіріктену — гумификация).

Топыраққа түскен қалдықтардың сұйық бөлігі топырақ арқылы сүзіледі және топырақ бөлшектеріне сіңіріледі. Қатты органикалық ластаушылар (өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары, экскременттер, қатты тұрмыстық қалдықтар және т.б.), сондай-ақ вирустар, бактериялар, гельминттердің жұмыртқалары, басқа микроорганизмдер органикалық заттардың ыдырауы мен өзгеру үрдістеріне қатысатын толып жатқан бактерия-сапрофиттер, қарапайымдылар, паразит құрттар, жәндіктер личинкалары, балдырлар, саңырауқұлақтар тіршілік ететін топырақтың жоғарғы қабатындағы саңылауларда қалып қояды. Топырақтағы оттегінің мөлшеріне байланысты орга-никалық заттардың ыдырауы аэробты немесе анаэробты жолдармен өтеді.

Алайда, топырақтың өздігінен тазару қабілеті шексіз емес. Оның тұрмыстық қалдықтармен шамадан артық ластануы, сондай-ақ жыл сайын қарқынды өсіп отырған техногендік жүктемелер, негізгі залалсыздандырушы күш болып табылатын сапрофит микрофлораның жойылуына әкеп соғып, оның тазартатын қызметін едәуір төмендетеді. Бұл өте қолайсыз зардаптарға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан біз қоршаған ортаның таза сақталуына жауапты болуымыз қажет. Топырақтың ластануын болдырмау және оның зиянды зардаптарын жою біздің міндетіміз.

    Е.Сейсембінов, «Талдықорған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» РММ     басқарма басшысының м.а.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK