Волейболдан «Жетісу» кубогын Ресей ардагерлері ұтып алды

376
А.Нұршановтың фотосы

Қарашаның 17-сінде Талдықорғанның «Жастар» спорт сарайында басталған волейболдан «Жетісу» кубогы үшін ардагерлердің халықаралық турнирі бүгін мәреге жетті.

А.Нұршановтың фотосы

Нәтижесінде, Ресей құрамасы бірінші орынды иеленіп, қанжығаларына 1 млн теңгені байласа, Қазақстан атынан шыққан «Жетісу» ардагерлер командасы 2-орынға тұрақтап, 700 мың теңгені олжалады. Ал, үшінші орынға тігілген 500 мың теңгені Тыва құрамасы ұтып алды.

Енді аз-кем ойындар жайлы айтып өтелік. Бұған дейінгі кездесулерде ұпай санымен алға шыққан Ресей мен Қазақстан құрамасы финалда жолықса, осы екі мықтыға есе жіберген Өзбекстан мен Тыва құрамасы үшінші орын үшін таласты. Ойын аса тартысты өтті. Мамандар ала шапанды өзбек ағайындар жүлдегер атанады деп топшылаған. Алайда, спорт деген сиқыр ғой. Барын салып, тамаша ойнаған тывалық ардагерлер шешуші сәтте әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жүлдегер атанды.

А.Нұршановтың фотосы

Финал да аса тартысты өтті. Бірінші партияны «Жетісу» айқын басымдықпен ұтты. Айта кетелік, команданың негізгі ойыншысы болып Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өнер көрсетті. 2-партия да аса қызықты өтті. 20-сыншы есепке дейін ойын тең өрбіді. Алайда, ресейліктер партия соңында қарқынға қарқын қосып, шабыулдарын үдетті. Нәтижесінде жалпы есеп 1-1 болып, екінші ойын ресейліктер пайдасына шешілді. Үшінші және төртінші кездесуде де ойын ортасына дейін командалар тең ойнаса, соңына қарай жетісулықтар қателіктерге бой алдырып қойды. Жалпы есеп 3-1, ресейліктердің пайдасына шешілді.
Турнирге қатысқан Өзбекстан, Бурятия және Моңғол құрамасы да сыйлықсыз қалмады. Төртінші орын үшін өзбектер 300 мың теңге алса, қалған екі командаға 200 мың теңгеден ақшалай және естелік сыйлықтар тапсырылды. Одан бөлек турнирге қатысқан әр команданың үздік ойыншылары да марапатталды.

А.Нұршановтың фотосы

«Бұл ағашқы турнир. Енді оны жыл сайын өткізуді, әрі Талдықорғанда өткізуді дәстүрге айналдыруға тырысамыз. Турнирге қатысқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Жеңісті күндер көп болсын» деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов турнирдің жабылу салтанатында.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK