1 шілде елімізде Ұлттық Домбыра күні. Осыған байланысты облыс орталығы  Талдықорғанда 200-ге жуық домбырашы күй тартты.  Тұңғыш  рет тойланып отарған «Үкілі домбыра» атты думанды шараға  Ақсу, Көксу, Ескелді, Кербұлақ, Қаратал аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларының жас өнерпаздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Соның ішінде  шаһардағы Қ. Байсейітов атындағы музыкалық колледжінің, Оқушылар сарайының және «Көркем-ай» өнер студиясының түлектері айырықша көзге түсті. Салтанатты шараның шымылдығы күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен түрілді. Мұндағы мақсат – Ұлт мұрасын ұлықтап, рухани сананы жаңғырту.  Шаһардағы «Жастар» саябағында өтіп, Жетісу жұртын тамсандырған игі бастамаға халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Сырым Нұрмолдин, Шолпан Даржанова, Тілеулес Құрманғалиев, Мұрат Әбуғазы, Абылай Хармысов, Рүстем Наурызов, Арафат Ысқақовтар ән-күйден шашу шашты. Жиналған қауым алдында сөз алған Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, бірқатар өнер иелеріне басқарманың Алғыс хатын табыс етті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK