Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев журналистер қауымын байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қаланың тыныс тіршілігін бұқара халыққа жеткізу жолында аянбай тер төгіп жүрген тілшілердің еңбегі ерен. Осыны ескерген шаһар басшысы бүгін ақпарат саласының қызметкерлерімен кездескенді жөн санады. Оларды төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін ақтарды.

– Құрметті журналистер! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді төртінші билік иелері деп текке айтпайды ғой. Қашанда қайнаған ортадан табылып, қоғамның ең өткір, ең өзекті сауалдарына жауап табуға тырысып, үнемі ізденіс үстінде тынбай жүресіздер. Сіздерге еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да қоғамымызды нығайтып, қаламыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қоса береді деген сенімдемін. Баршаңызға мықты денсаулық пен баянды бақыт, шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тілеймін, — деді Д.Шалтабаев.

Сонымен қатар, қала әкімі облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерін 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Мұнымен бірге күні кеше «Үркер» ұлттық байқауында үздік өңірлік мерзімді басылым номинациясын иеленген «Жетісу» газетінің жеңісін ерекше атап өтті.

 

Айта кетейік, қала әкімімен кездесуге ардагер журналистер, өңірлік және республикалық телеарналардың, мерзімді басылымдардың тілшілері келді. Жиын соңында сөз алған ардагер журналистер арнайы көңіл бөліп құттықтап отырған қала әкіміне өздерінің ризашылықтарын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK