Қазақтың жері киелі

189
Фото авторы Ж.Мұсабек

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды білу үшін көп нәрсе жасаудамыз»-деген болатын. Осы орайда Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру барысында өткен аптада Алматы облысының ішкі саясат басқармасы «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында баспасөз турын ұйымдастырды.

                                               Тараз – ғасырлар куәсі

Аталмыш шара барысында жергілікті журналистер Шымкент, Түркістан, Тараз және Қызылорда қалаларында болып, халқымыз үшін құнды болып саналар көне ескерткіштерді тамашалап қайтты. Еліміздегі ежелгі шаhардың бірі — Тараз қаласы. Ертеде сауда-саттықтың орталығы болған мекеннің тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алады. 1856 жылы Әулиеата, 1938 жылы Жамбыл, ал 1997 жылдан бастап Тараз қаласы болып аталды. Таразда тарихи, көне  орындар қатарын жиі кездестіруге болады.

Фото авторы Ж.Мұсабек

Мәселен, сол аймақтың  тұрғындары үшін Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ашылған «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының маңызы зор. Заманауи үлгіде жасалғанымен, ішке енген сәтте құдды өткен кезеңдердегі күндермен бетпе-бет кездескендей боласыз. Жас ұрпақты төл тарихымызбен сусындатар орталықтың аумағында «Көне Тараз» музейі, «Мыңбұлақ» сквері, «Шолу» мұнарасы, «Домбыра» стелласы орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 9,4 гектар. Екі қабаттан тұратын мұражайда бірнеше көрме залдары, тарихи құнды жәдігерлерді сақтап, қайта қалпына келтіруге арналған арнайы бөлмелер бар. Сондай-ақ, музей жанынан «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық саябағы  бой көтерген. Аспан астындағы мұражайдан ертедегі  ғимараттар, монша, зындан, керамикалық су құбырларының орнын тамашалауға болады.

Фото авторы Ж.Мұсабек

Жамбылдың жеті кереметінің бірі — Айша бибі кесенесі. Ел арасында мынадай аңыз бар: «Ақылына көркі сай Айша бибі мен жас батыр Қарахан бір-бірін ұнатып, мәңгі бірге болуға серттесіпті. Шапқыншылық заманда Қараханның Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада уақыт өтеді. Ақыры Айша бибі қасына күтушісі Бабаджа Хатунды ертіп, Қараханды іздеуге жолға шығады. Барар жеріне таяу қалғанда өзеннің жағасына демалуға тоқтайды. Сол сәтте Айша сұлуды улы жылан шағып алады. Әлсіреген ару Қараханға адам жібереді. Қарахан некелерін қиғызып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына «Айша, сен енді бибі болдың! » деп үш рет айтқан. Ғашығынан қапыда айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының басына әсем күмбез орнатқан». XI-XII ғасырларға тиесілі мазар Тараз қаласынан 22 шақырым жерде орналасқан. Құбыла бетіндегі тастардың түпнұсқасы әлі де сақтаулы тұр. 18 жасында өмірден өткендіктен, он сегізінші  қатарда арабша Күз…Бұлт…Жер беті тамаша… деген үзік жазулар бар.

                                                     Сыр – Алаштың анасы

Фото авторы Ж.Мұсабек

Келесі бағытымыз қазақилықтың қаймағы бұзылмаған, алты Алаштың анасы – Сыр елі болды. Іргетасының қаланғанына 200 жыл болған Қызылорда қаласы мәдениет пен өркениеттің ордасы. Ең әуелі шаhардың көз тартар әдемі көрінісін тамашалап, Қармақшы ауданында бой көтерген  күллі түркі әлеміне ортақ «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне табан тіредік. Кешен аумағында музей, амфитеатр, қошқар мүсіні, қылует салынған.

Фото авторы Ж.Мұсабек

Елбасы тапсырмасына сәйкес 2014 жылы заманауи үлгіге сай қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кешендегі басты ескерткіштердің бірі қобыздың биіктігі 12 метр. Төрт элементтен тұратын стелланың әр бұрышы дүниенің төрт бұрышына қаратылып орнатылған. Қобыз бейнесін бейнелейтін мұнда 40 металл түтік бар. Олар жел соққанда қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады.  Бұл маңға еліміздің тұрғындары ғана емес, сонымен қатар шет елден де қонақтар арнайы келеді.  Әр үш жыл сайын «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық дәстүрлі фольклорлық музыка фестивалі өтеді. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Түркия сынды әлемнің әр түкпірінен келетін өнерпаздар түркі елдерінің этношығармашылығын талқылайды.

Фото авторы Ж.Мұсабек

Ұлт көшбасшысы «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»-деп атап өткен болатын. Тасқа қашалған төл тарихымыздың  құны қашанда бағалы.

Фото авторы Ж.Мұсабек

Бүгінгі заман перзенттері білуі тиіс қойнауы сырға толы   ірі нысандардың бірі — Сығанақ қаласы. Ол қазақ халқы үшін орны ерекше саяси-экономикалық орталық болған. Алғашында қыпшақтардың,  Ақ орда мемлекетінің,  қазақ хандығының астанасы болды. Жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырап, біржолата жойылады. Бұл аймақты археологтар әлі де зерттеуде. Аспан астындағы ашық туристік орталыққа айналдыру жоспарлануда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK