Талдықорғандық түлектер үшін ҰБТ сынағы басталды

344

Күні  кеше  алтын ұя мектептерімен қимай қоштасқан талдықорғандық түлектер үшін  көңілге үміт пен күдік  ұялатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды.  Облыс орталығындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өткен Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына  бірінші күні 10 шақты  жалпы білім беретін  мектептің  түлектері  қатысып, бақ сынады. Жалпы талдықорғандық талапкерлер 21, 23, 25 маусымда ҰБТ  сынынан өтеді.

Талдықорған қаласындағы 26 мектепті  1327 түлек ойдағыдай   бітіріп шықты. Қорытынды  аттестациялау  негізінде,  82 бітіруші «Алтын белгі»  төсбелгісінің,  40 оқушы  үздік аттестаттың иегері  атанды.

Ал, ҰБТ сынағына  987  түлек  ниет білдірген.  Оның  847-сі  мемлекеттік тілде,  140-ы орыс тілінде сынақ тапсырмақшы.

Биыл ҰБТ елімізде 15-ші  рет өткізілуде. Осы аралықта бұл сынаққа 1,5 миллионнан астам мектеп бітіруші қатысқан. Өткен  2017 жылға дейін ҰБТ  — оқушының 11 жылдық оқуды аяқтайтын қорытынды  емтихан ретінде, екіншіден — жоғары оқу орындарына түсу, үшіншіден — бітірушіге мемлекеттік грантты тағайындайтын емтихан ретінде қарастырылып келгендігі белгілі. Енді  түлектер орта мектепті аяқтаған аттестатты қолға  алған соң, жоғары оқу орнына түсу жолында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсыруда.

Биыл  сынақ  еліміз бойынша  20 маусым мен 1 шілде аралығында 167  ҰБТ өткізу пунктінде өтеді.   Шекті балл — 50,  ал Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 балл жинау қажет.  Тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған.  Бітіруші түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде,  25 пайызы орыс тілінде және арасында  ағылшын тілінде  сынақ тапсыруға ниет білдіріп отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда ҰБТ қатысушылардың саны артып, биыл 100  мыңнан астам түлек сынақ тапсыруға ниетті. Биылдан бастап «Алтын белгіге» ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK