Қасиет тұнған өлке

401

Алматы облысының ішкі саясат басқармасы “Киелі Қазақстан” бағдарламасы аясында жергілікті журналистерге Жібек жолының жүрегі саналар Оңтүстік Қазақстан облысына баспасөз турын ұйымдастырды. ОҚО алаулаған қызғалдақ пен мақтаның, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан халқымыздың болмыс-бітімінің ұйыған мекені. Мұнда 1300 тарихи, киелі орын тіркелген.

Алғашқы нысан еліміздің ең ежелгі қалаларының бірі — Шымкент қаласы болды. Қаланың атауы “шым, шөп қалың өскен топырақтың үстіңгі қабаты”, “шалғын, өзен алқабындағы гүлденген алқап”, жалпы алғанда, “Жасыл, гүлденген қала” дегенді білдіреді. 2011 жылы халықаралық астаналар мен ірі қалалар ассамблеясының бағалауы бойынша Шымкент ТМД елдері арасында үздік қала атанған. “Тәуелсіздік саябағы”, “Ескі шаhар” сынды тарихи орындар мен көптеген мәдени орталықтар бар. “Тәуелсіздік саябағының” салтанатты ашылуы еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен. Орталық аллеяның бойында орналасқан тақтайшаларда еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды оқиғалар шежіресі жазылған. Саябақтың орта тұсында “Ел бірлігі” монументі орнатылған. Елімізде мекен етіп жүрген барлық ұлыс өкілдерінің барельефі  бейнеленген алып гра-
нит тұғырда 137 ұлт өкілдерін бейнелейтін 137 тік тіреуден тұратын композиция көтеріліп, шаңырақты ұстап тұр. Сонымен қатар, алыс-
жақын шетелден келетін мейман-дардың қызығушылық танытатын орындарының бірі — 98 жылдан астам тарихы бар  ОҚО тарихи-өлкетану мұражайы. Мұнда  93000-нан астам құнды жәдігерлер сақтаулы тұр. Жалпы бес бөлімнен тұратын “Мәртебелі муза  сарайы” жергілікті халық пен қонақтарға өлкенің табиғат байлықтары, тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді.

Шымкент қаласынан тысқары орна-ласқан бірқатар тарихи-мәдени көне ескерткіштерді кездестіруге болады. Біз де сапарымызды киелі Түркістан жерінде жалғастырдық. Архитектуралық шедеврі саналатын, ЮНЕСКОНЫҢ әлемдік мұралар тізіміне енген, еліміздегі ең алғашқы ғимарат Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Бірінші қабаты 14, екінші қабаты 21 бөлмеден тұрады.  Асхана, құжыра, қабірхана және құдықхана бөлмесі, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, Абылай хан дәлізі сынды бөлімдері бар. Кіреберіс алаңда алты ғасырлық тарихы бар қасиетті тайқазан орнатылған. Ол сирек кездесетін жеті асыл металдың қоспасынан құйылған. Салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі 1,60 метр, диаметрі 2,42 метр. 1935 жылы Санкт-Петербургтегі Эрмитажға Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына қойылған. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы Түркістанға қайта қайтарылады. Оның келуіне бірден-бір себепкер болған Өзбекәлі Жәнібеков. Кесенеде Ө.Жәнібековтің жеке кітапханасы, жихаздары қойылған. Бабамыз 63-ке келген кезде “Дәл осы жаста Мұхаммед пайғамбар дүние салған, ешкім пайғамбардан асып, күн көзін одан ұзақ көре алмайды” деп есептеп, жер астындағы құлшылық мекеніне қылуетке түсіп, өмірінің соңғы кезеңдерін сонда өткізген. Оны “Ғар” бөлмесі (арабша үңгір) деп атайды. XIII ғасырдан бастап XX ғасырдың 40-шы жылдарына дейін жергілікті халықтың құдайға құлшылық ететін орны болып келген ғимарат кесененің оңтүстік-батысына қарай 120 м жерде орналасқан. Осында отырып Яссауи шағатай тілінде өмірден түйгендерін қағаз бетіне түсірген.

Түркістанға жақын маңда орта ғасырда өмір сүрген, данышпандығымен әйгілі, Бәйдібек батырдың жары Домалақ ана мазары орналасқан. Домалақ ана Жетісу, Тараз, Шымкент пен Ташкентті мекендеген халықтың абыз анасы болып саналады. Деректерге сүйенсек оған “Диhнат мама” деген атауды Қара Хайдар деген кісі қойған. Қазақ тілінде “Әулие ана” деген мағына білдіреді. Өзгені де өз баласындай көріп, айналасына аналық мейірімін төгіп жүретін оны ұрпақтары атымен атамай Домалақ ана деп атаған. Ол қайтыс болар алдында жақындарына “Мені Бәйдібектің қасына жерлеймін деп қиналмаңдар. Ақ түйені әкеліп, оған менің сүйегім артыңдар да, сол түйенің ізімен жүріп отырыңдар. Түйе қай жерге тізесін бүксе, мені сол жерге жерлеңдер” деп аманат еткен екен. Кесененің маңайы  бірқатар ағаш пен гүлдерге көмкерілген. Сол жағында орналасқан тоғайлы алқапқа 2000 жылы “Бөбек” қорының президенті Сара Алпысқызы арнайы ағаш отырғызып, ол жерді “Аналар аллеясы” деп атаған көрі-неді.

Сәния Байтарова, «Жетісу» телеар-насының журналисі:

— Бұрын тек кітаптан оқып, теледидардан ғана көрген киелі орындарды аралау маған ерекше әсер етті. Бойына тарих тұнған кесенелер мен көне қалашықтар бойыма қуат берді. Саяхаттан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны өз көзіңмен көру керек. Шымкент маңындағы Ақмешіт үңгірі, Домалақ ана кесенесі, көне Отырар қалашығы. Олардың әрқайсысының өзіне ғана тиесілі тарихы, өзіне ғана тән қасиеті бар.

Алланың құдіретімен пайда болған Ақмешіт үңгіріне түскенде бойыңдағы енжарлық, уайым-қайғы сынды жағымсыз энергия жойылады. Себебі, үңгірді қоршаған тастар адамға қуат беретін қасиетке ие. Аурасы ерекше. Онда жылан, үкі, қарға, сауысқан сынды тіршілік иелері мекен етеді. Бойына сыр бүккен тастарда бір тылсым бар. Ал, Домалақ ана кесенесіне аяқ басқанда табиғатпен үндестіктің не екенін түсінесің. Құстардың үні, шегірткенің шырылы, бұлақ сылдыры, ақырын желпи соққан самал жел. Осындай киелі орындарға барған адамның Аллаға деген махаббаты артып, рухани тазарып қайтады.

Назерке  ӘДІЛБЕКОВА. Талдықорған — Шымкент.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK