Саят Құдайберген: Мақсатым — «Патриот.кз» реалити-шоуының жеңімпазы атану

881

Жетісу жұрты бүгінде «Патриот.KZ» реалити-шоуын асыға күтіп отыр. 19-қарашадан бастап, 16 боксшы «Жетісу» телеарнасы арқылы көрермендерге қызыққа толы бокс кешін ұсынбақ. Сен тұр, мен атайын деген саңлақтардың қатарында жерлесіміз Саят Құдайберген де бар. Дүбірлі доданың алдында талдықорғандық жас боксшымен жолығып, сұхбаттасып қайтқан едік.

         Біз Саятты спорт залынан таптық. Барғанымызда боксшымыз терге малынып, жаттығып жүр екен. Бірден әңгімеге тартып, іске көштік.

–  Жалпы спорттың түрі көп қой. Неліктен осы саланы таңдадың?

– Менің боксқа келуіме достарым себепкер болды. Соларға еріп, жаттығу залынан табылған жайым бар. Оның үстіне, Бейжің Олимпиадасы болған жылдары теледидардан қазақ боксшыларының жеткен жетістіктеріне тамсанғанмын. Содан, менің де боксқа қызығушылығым арта түсті.

– Кез-келген спортшының алға қойған белгілі бір мақсаты болады. Сен болашақта өзіңді қайдан көргің келеді?

А.Нұршановтың фотосы

– Әрине, Олимпиада чемпионы болуды армандамайтын спортшы жоқ шығар. Өзімді сол шыңнан көргім келеді. Ол үшін аянбай тер төгу керек. Негізі, менің басты қалауым кәсіпқой бокс. Алдағы уақытта өзімді сол бағытта сынап, елімнің атын шығарғым келеді.

– Енді «Патриот.KZ» жобасына оралсақ. Аталмыш додаға дайындығың қалай?  

дереккөз

– Дайындық өз деңгейінде деп ойлаймын. Әрине, әр спортшының бойында өзіне деген сеніммен қатар қорқыныш та, қобалжу да бар. Алайда, бар күш жігерді бойға жиып, психикалық және физикалық тұрғыда өзімді шыңдап жатқан жайым бар. Сайыста топ жарып, жеңіске жетсем деген жоспарым бар. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген ғой аталарымыз. Оны уақыт көрсетер. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.

– Нағыз боксшы, сенің ойыңша, қандай болу керек?

 – Бокста әлсіздерге орын жоқ. Осы спорт түрін таңдаған адам барлық тұрғыда мықты болғаны дұрыс. Бір жеңілдім екен деп, жәй ғана беріле салуға болмайды. Егер ер жігіт намысшыл, алған бетінен қайтпайтын қайсар, батыл мінезді болса, онда оның шығар шыңы көп болмақ.

 – Әңгімеңе рахмет! Алдағы жарыста жеңіске жетуіңе тілектеспіз.

– Рахмет!

Біздің анықтама: Саят Құдайберген 1997 жылы туған. Талдықорған политехникалық колледжін физкультура мамандығы бойынша тәмамдаған. 6 сыныптан бері бокспен шұғылданады. Алматы облысының бірінші нөмірлі боксшысы. Бірнеше халықаралық турнирлардың жеңімпазы Бүгінгі таңда Алматы қаласында Тұран университетінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

 Айта кетейік, «Патриот.KZ» реалити-шоуы ағымдағы жылдың 19-қарашасынан бастап 3-желтоқсанына дейін жүргізіледі. Жобаға 18-22 жас аралығындағы, 70-75кг салмақтағы бокстан ҚР спорт шеберіне үміткер спортшылар арнайы іріктеліп  алынды. Бокс бәсекесі «Жетісу» телеарнасының эфирінен көрсетіледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK