Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаевтың Қазақстанның ІІІ Әкелер форумында жасаған баяндамасы:

           Құрметті президиум! Қымбатты форумға қатысушылар!

Әр адам азамат болады, бірақ – ел мұратына қызмет етер азамат – бір бөлек. Әр адам – әке болады, бірақ – бала болашағына қызмет етер әкелер – бір бөлек. Бүгінгі форум – ел мұраты мен бала болашағына қызмет етер жандардың басын қосып отыр.

Мен, жер жәннаты атанған Жетісудан келдім, Алматы облысы орталығы – Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарымын, сегіз баланың әкесімін. Осы форумға шығар алдында сегізінші баламызды перзентханадан алып шықтық.

Мемлекеттік қызметкер болып, халық игілігі үшін адал еңбек ету – маған жүктелген үлкен жауапкершілік. Қоғам алдындағы міндетіммен қатар, отбасымдағы ұрпағыма дұрыс тәлім-тәрбие беру, үлгі-өнеге көрсету – менің әкелік парызым, азаматтық борышым. Жолдасым үйде ақ бесік тербетіп отыр, әрбір үйдегі ақ бесік – ел арманының, отан үмітінің, Қазақстанның болашағының  ақ бесігі деп білемін. Біздің жарларымыз – біздің аналарымыз секілді, отбасында отырып-ақ отанға қызмет етуде.

Бала тәрбиесі – болашақ тәрбиесі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі”- деп, ұлт пен мемлекет болашағының ұйытқысы – бүгінгі отбасындағы тәрбиеде жатқанын баса айтып отыр. Мен де болашақ рухының жасампаздығы, ел ертеңінің шуақты болуы – бүгінгі бала тәрбиесінен, отбасы бақытынан басталады деп ойлаймын. Бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, оларды қамқорлық пен сүйіспеншілікке, ата-ана махаббатына бөлей отырып, баланың бойын ғана емес, ойын, арманын, талап-мақсатын өсіруге, өнерін дамытуға, оның жүрегінде отаншыл, ұлтжанды азаматты қалыптастыруға ден қойдық. Соның жемісі шығар, қыздарым – би өнерімен айналысып, халықаралық байқаулардан жүлделі оралса, ұлдарым – күрес және каратэ спорт түрлерімен шұғылданып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Ағылшындардың “балаңды тәрбиелеу үшін, әуелі өзіңді тәрбиеле” деген сөзі бар. Бүгінгі қызметімде мен әлеуметтік салаға жауаптымын. Өздеріңіз білесіздер, бұл саланың қызметі кең ауқымды. Халықтың қажетіне жарау үшін халықпен бірге тыныстап, біте қайнасып, ақылдасып-кеңесіп, үлкен мақсаттарға қызмет етіп келеміз. Ал, үлкен мақсаттарды жүзеге асыру үшін, өзің де соған сәйкес болып, ісіңмен де, сөзіңмен де, отбасындағы өміріңмен де үндесуің керек. Сондықтан, мемлекеттік мекемелерде, ұлтқа ұйытқы болып отырған үлкен тұлғалармен кездесулерде, тәрбиелік мәні зор іс-шараларды ұйымдастыруда, сәті түскенде балаларымды өзіммен бірге ертіп жүремін. Ондағы мақсат – үлкеннің өнегесін, ақсақалдардың батасын алып, елдің қоғамдық тыныс-тіршілігін, мәдени өмірін, әкесінің атқарып жүрген ісін көзімен көріп, көңіліне түйсін деген ой. Балаға әкесінің жақсы қызметі емес, жақсы аты, жақсы ісі – өнеге болуы керек деп есептеймін. Бала әкеден отанды сүюді, отбасын қадірлеуді, салт-дәстүр мен жөн-жоралғыны білуді, ұлттық мінез-құлықты кішкентайынан көріп өсуі керек. Қоғам алдында, өзінің ар-ұятының алдында, әрбір ісіне өзі жауап бере алуды үйреніп, өзінің болашағы үшін жауапкершілігі өз мойнында екенін түсіне білуі керек. Сонда ғана бала әкесінің қызметіне емес, қадір-қасиетіне арқа сүйеп өседі. Біздің отбасымызда анаға, қыз балаға деген құрмет өте жоғары. Себебі, ана – бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетеді, ал қыз бала – болашақ ана. Мен анамнан ерте қалдым. Көзі тірісінде жас болып, көп жақсылық жасап үлгермедім. Міне, кейінгі он үш жыл бойы бауырларымыз бірігіп 4-ші наурыз анамыздың туған күнінде анамызды еске алып, ауылға барып, анамның көзін көргендерге, ауылдың қыз-келіншек, ата-әжелеріне 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында концерт қойып, көңілдерін көтеріп қайтамыз. Осының бәрін балаларымыз көріп, санасына сіңіріп келе жатыр. Олар да ертең анасына, болашақ жарына, болашақ қыздарына осы құрметті көрсетеді деп үміттенемін. Біз, жақсы азамат болуды – үлкендер салған сара жолдан, жақсы маман болуды – қоғам берген білім мен тәрбиеден үйренсек, жақсы әке болуды, жақсы ата-ана болуды ата-анамыздан көріп, үйрендік. Үзілмей келе жатқан осы ұрпақтар сабақтастығы, ұрпақтар үндестігі қазақ елінің ең ұлы құндылығы деп білемін. Әкенің қара нардай қажымас қайраты, ана жүрегінің мейірімі мен нәзіктігі балаға қатар берілгенде, бала табиғатында қатар өрілгенде ғана, бала – маңдайынан күн сүйген марқасқаға айналады. Сол кезде әке үмітін арқалаған бала, болашаққа нақты қадам жасап, ел үмітін ақтайды.

Қостанай өңірінде Шәңкі Меңдекеұлы атты би өткен. Сол биден бала тәрбиесі жайлы сұрағанда: “Менің балам – мен болмайды, сенің балаң – сен болмайды, адам болып, адал өссе, ешкімнен де кем болмайды” деп жауап берген екен. Билерден қалған осындай биік сөздер бізге темірқазық жұлдызындай жол көрсетіп тұрады. Бүгінгі форумның басты мақсаты да осы бала тәрбиесін ел болып, қоғам болып, басты назарда ұстап, елге тұтқа, ұлтқа ұстын болатын, қарағайға қарсы біткен бұтақтай, қазақ елі үшін қызмет етер, ұлт маңдайына біткен перзенттерді тәрбиелеу.

Сөзімді қорыта келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде бір оқиғаны айтқым келеді:Менің Әділ Исаханұлы атты қу тілді, асаба досым бар. Бір тойға әйелім бесінші баламды босанып, жалғыз бардым. Сонда: “Мәрлен Қапашұлын тоғыз ай көрмегендер “бауы берік болсын!” деп айта беріңдер деп күлдіргені бар еді. Сол айтпақшы, келесі жылғы форумдарда кездескенде бір-бірімізге “Бауы берік болсын!” деп айтып жүрейік! Бабамыз Әйтеке би:

“Дүние деген пәни бұл,

Баласы жоқта мият жоқ,

Бәрінен қиын сол екен,

Артыңда жанған шырақ жоқ…” деген екен. Әр шаңырақта баланың іңгәлаған дауысы естіліп, әр азаматтың артында ата жолын қуар тұяқ қалсын деп тілеймін!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK