Талдықорған қаласының әкімі ақсақалдармен кездесіп, бата алды

352
фото А.Нұршанов

Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев шаһардағы ардагерлер үйіне арнайы барып аймақтағы ақсақалдармен жүздесті. Таяуда ғана облыс басшысы Амандық Баталовтың ұйғарымымен әкімдік тізгінін өз қолына алған жаңа әкім әрбір игі істі атқаруда қариялардың ақыл-кеңесінің ауадай қажет екенін айырықша атап өтті.

фото А.Нұршанов

Алдымен, бірлестік ғимаратының ішкі құрылымымен жан-жақты танысып шыққан  Дастан Тұрарбекұлы: «Халқымызда «Қарты бар ел, қазыналы ел» деген аталы сөз бар. Сіздердің бұрынды-соңды мұндағы әр салада елеулі еңбек етіп, өңірдің өркендеуімен қаланың гүлденіп-көркеюіне қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Алған тәжірибелеріңіз де  мол.  Сондықтан, сіздердің ақ баталарыңызды алып, әр бастаға  бел шеше кірісу біз үшін абырой» – деді. Осыдан соң жеке-жеке сөз алған ардагерлер ұйымының мүшелері қаланың қазіргі дамуына кеңінен тоқталып, «Жас келсе іске» демекші, келелі міндетті оның еш мүлтіксіз атқара алатынына зор сенім білдірді. Кездесу соңында әкім қызметіне табыс тілеген қариялар атынан Шәкірт Әбдікерім ақсақал:

«Айналайын Дастаным,

Бағдаттай болсын достарың.

Бақ қала етіп бастап ед,

Гүлге орансын қосқаның.

Ашық болып аспаның,

Бірге болсын бастарың.

Бәрің де аман сау болып,

Бақ- дәулет болсын тосқаның!

Дәулеті  елдің тасыса,

Керегі болмас басқаның!

(Аллаһу акбар!) Әмин!» -деп ақ батасын арнады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK