Менингиттің алдын алу шаралары күшейтілді

532

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың  төрағалығымен  Талдықорған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық емхана мамандары және мешіт имамдары қатысқан жиын өтті. Қала аумағында менингит сырқаттанушылығының тіркеліп,  өлімге әкеліп соққан жағдайлар кездесіп отыр.

Сондықтан да «Инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитарлық эпидемияға қарсы, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы 27 наурыздағы №126 бұйрығына сәйкес,  адам көп жиналатын орындарда сырқаттанушылықтың алдын алу мақсатында Талдықорған қаласында орналасқан   мешіт имамдарына  қаулы таратылды. Онда індетке қарсы жасалатын санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу реті көрсетілген.

Талдықорған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Ермек Әсемқұловтың айтуынша,  мешіт ғимаратында санитариялық ереже талаптары сақталуын, оның ішінде үй-жайды тұрақты желдету,  дезинфекция құралдарын пайдалана отырып, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу керек.

Мешітке келетін адамдар саны  Ораза  уақытында көптеп саналады.  Дін өкілдеріне қаулыда бірнеше назар аударатын жағдайлар көрсетіліп отыр.  Ғибадатқа келушілердің арасында басы ауырып, дене қызуы көтеріліп, денесінде бөртпе пайда болғанын байқаған жағдайда медициналық көмекке жедел жүгіну керектігін ескерткен жөн.

Сақтық шараларының қатарына намазға қатысушыларға бір реттік бетпердені пайдалануды  ұсынып, оны әр үш сағат сайын ауыстыруды түсіндіру жиында баса айтылды. Осы мақсатта мешіттерге тегін  бетперде  таратылады. Еркін, Көктал, Еңбек  ауылындағы мешіттер де қамтылады. Бұл, әсіресе, халық қарасы көп болатын жұма күнгі  келушілерге беріледі. Себебі, жұма намазға үлкен мешіттерге 2 мыңға дейін адам жиналады екен.

Күні кеше Талдықорғанда бұл ауруға байланысты  үш адам  тіркеліп, екеуі    көз жұмды. Сондықтан да «Сақтансаң сақтаймын» деген қағиданы ескерген жөн. «Менингококк инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы және клиникасы» тақырыбында медициналық ұйымдардың, жоғары және орта оқу орындары, мектеп жанынан ашылған лагерлер, мектеп және балабақша, әскери бөлім қызметкерлері қатысқан семинар-кеңес өткізілді. Қала бойынша адам көп жиналатын «Жастар» мен орталық саябақ, сауда кешені мен халыққа қызмет көрсету орындарында тұрғындармен әңгімелесулер өткізіліп, 1500-ден астам парақшалар таратылды.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің хаты негізінде  Алматы облысы аудандары мен қалаларында жазғы қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерь жұмысының басталуы 2018 жылдың 18 маусымына ауыстырылды. Бұл бұйрықта да балаларды лагерге қабылдауда денсаулығына байланысты медициналық анықтамасы  және қызметкерлердің де денсаулығының жарамдылық кітапшасы болуы шарт.  Жаз кезінде балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтыруын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға байланысты арнайы штаб құрылады.

Адам денсаулығы бәрінен де қымбат. Басты байлық-денсаулық екенін ұмытпайық. Мешіттерде есік- терезе ашылып, желдетіліп, басқа да алдын алудың шаралары қолға алынған.

Қаланың бас имамдары да менингококк вирусынан  адамдардың  қаза болуына байланысты уақыт оздырмай дәрігерлерге қаралып, қажет болса оразаны ашуға шариғат бойынша  рұқсат болатындығын алға тартады. Ұстамаған күндерінің қазасын соңынан басқа айларда сауыққанда өтейді. Себебі, денсаулық Алла Тағаланың адам  баласына берген аманаты, оған қиянат жасауға болмайды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK