Үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды

436
фото Сымбат Исрапулова

Талдықорғанда мемлекеттік қызметтің 20 жылдығын атап өту аясындағы іс-шаралар шеңберінде 20 үздік тәлімгер мен  мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған 20 азаматтың қатысуында арнайы дөңгелек үстел өтті. Басқосуды ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ұйымдастырған. Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаевтың төрағалығымен өткен жүздесуде мемлекеттік қызметке қабылданған әрбір азаматтың білімі, мәдениеті,  міндеті туралы айтылып,  әдеп сақтау ережесін  кеңінен түсіндірілді.

фото А.Нұршанов

Жиналған қауым алдында сөз алған Серікбай Өрікбайұлы: « Бұл дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Елбасының Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру. Сондай-ақ, мұнда мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған азаматтар тәлімгер белгілеумен сынақ мерзімінен бастап, келешекте меритократия қағидаты арқылы мансап дәрежесінің жоғарылауы жөнінде аға буынның жас қызметкерлерге тәжірибесімен алмасуы. Атап айтсақ, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру үшін біріншіден, мемлекеттік қызметшілерге жылдан жылға артып бара жатқан жоғары талаптарға бейімделе алатын жаңа үлгідегі жастарды тәрбиелеу қажет.  Мемлекеттік қызметке келушіге бірнеше талап қойылады. Соның бірі – міндетті түрде үш айлық сынақ мерзімінен өту, тиісінше, үш айдан және алты айдан кейін сәйкестілігі межелік бақылау арқылы ұзартылуы мүмкін. Сынақ кезеңінде, оның ішінде оны ұзартқан кезде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген қызметшіге кәсіби бейімделуге тәжірибелік көмек көрсететін  тәлімгер бекітіледі. Ол оның кәсіби дағдысы мен икемділігін дамытуға, өмірдегі құндылықтар бойынша ақпарат алуға,  мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру тәртібімен, әріптестерімен қарым-қатынасты нағайтуға  бағытталған бейімделу жоспарын жасайды. Келешекте бұл оған жеке сіңірген еңбегі мен жетістіктерін, оны қабілеті мен кәсіби даярлығына сәйкес және төменгі лауазымдарда міндетті жұмыс тәжірибесін ескере отырып төменнен жоғары лауазымдарға кезең-кезеңмен өсуге мүмкіндік беретін болады. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің сапалы құрамын арттыруға және мемлекеттік аппараттың тұрақтылығына жеткізеді. Яғни кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырады» –деді.   Еске сала кетейік, аймақта 2016 жылы – тәлімгерлер бекітіліп сынақ мерзімінен өткен мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандар  саны – 236 болса  2017 жылы 341 адамға жеткен. Ал, ағымдағы жылдың алғашқы  4 айының қорытындысы бойынша Алматы облысының  жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік қызметке 56 адам  қабылданған. Шара соңында сынақ мерізімінен сәтті өтіп, мемлекеттік қызметке қабылданған жастар салтанатты аңт  қабылдап, үздік тәлімгерлер мен «Алматы облысының үздік кадр қызметкері» байқауының жеңімпаздары  марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK