IТ орталықтар ашылды

287
Фото авторы А.Нұршанов

“Нұр Отан” партиясы АОФ бастамасымен қаламыздағы Агротехникалық және Политехникалық колледждерінде ІТ орталықтар ашылды. Бұл партияның “ІТ мамандарды даярлау” жобасы негізінде жүзеге асуда.

Фото авторы А.Нұршанов

Аталмыш орталық “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға және азаматтардың цифрлық сауаттылығын мейлінше арттыруға, білікті ІТ мамандар қатарын даярлауға бағытталған. Мұнда әр ауданнан келген ұстаздар қауымы білімін жетілдіріп, нәтижесінде  заманауи ақпараттық технологиялар бағытында оқушыларды деңгей-деңгейімен оқытатын болады.  Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев “Елбасының тапсырмасына сәйкес “Нұр Отан” партиясы еліміз бойынша 1000 тегін ІТ сынып ашу жобасын қолға алып, сол бағытта жұмыс істеуде. Облыс бойынша 2  ІТ орталық пен 21 ІТ сынып ашылмақ. Екі жылда 8100 бала мен 50-ге жуық маманды даярлау жоспарлануда. Мақсат – балаларды бағдарламалау мен робототехника негіздеріне үйрету, оларға қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру. Бұл игі бастама партияның “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасына қосқан үлесі деуге де болады”-деді. Айта кетейік, қазіргі таңда партияның аудан, қала орталықтарында 19 филиал, 347 бастауыш партия ұйымдары, 115 мыңға жуық партия мүшелері бар.  Биылғы жылдан бастап жаңа 22 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ашылу салтанатында сөз алған Политехникалық колледж директоры Ерхат Мұқажанов “Жаңадан ашылған орталықта ІТ саласына қатысты мамандар оқытылып, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілетін болады. Болашақта осы орталықтар негізінде жастардан жаңа идея, жобаларды жинақтап, жаңа буын жас ғалымдар қалыптастыруымызға да мүмкіндік мол. Осы орайда  игі іске мұрындық болған нұротандықтарға алғысымызды білдіреміз”-деп оқу ордасында 700-ге жуық білімгер осы сала бойынша білім алуда екенін тілге тиек етті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK