Алақай, демалыс!

528

Жадыраған жаз айын балалар асыға күтеді. Өйткені, бұл мезгіл ойын баласының  сабақтан қолы босап, күнге қыздырынып, табанын құмға күйдіретін қызықты шақ. Балалардың демалысын мазмұнды ұйымдастыру қашанда маңызды мәселелердің бірі. Енді осы балалардың жазғы демалыс  уақытын  қалай тиімді өткізуге  болады?

— Талдықорған  қаласы бойынша    жалпы білім беретін мектептің 1-10 сыныбын үстіміздегі оқу жылында 25570 оқушы аяқтап отыр.  13 мыңы- төменгі сынып оқушысы. Олардың  4 мыңы мектеп жанында тамақтанатын лагерге, 5700-і- мектеп алаңдарында демалмақшы.  Сондай-ақ, 4 сыныптың 300 оқушысы- қала сыртындағы лагерге бармақ.

3 мыңдай баланы ата-аналары сауықтыруға және  басқа да жерлерге демалтуға ниетті. Ал, жоғары 5-10 сыныптарда 12570 оқушы бар. Олар да жаз бойына шығармашылықпен айналысып, спорттық шараларға қатысып, бірқатарына  еңбекпен  қамтуға жағдай туғызылған. Осы шаралардың барлығы  ҚР Премьер-министрінің 2016 жылғы 11 мамырындағы «2016-2019 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру  демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» арнайы өкімін іске асыру мақсатында 2018 жылғы жазғы каникул кезеңін барынша тиімді өткізуді  жоспарлап отырмыз,-дейді қалалық білім бөлімінің басшысы  Жандос  Жолдыханов.

Білім бөлімінің  мамандары айтып кеткендей, балалардың шығармашылығын дамытуға қаламызда бар мүмкіндік туғызылған. Себебі, бізде басқа өңірлерде жоқ Оқушылар сарайы, жастардың спорт сарайы, спорт мектептері бар.  Бұл-жасөспірімдерді  қолөнермен, спортпен айналысуға  бағыттайтын орталықтар.

Ең алдымен  мектеп жанындағы лагерлерде, жалпы білім беретін  22 орта мектепте 4 мың  баланы қамтитын шаралар өтеді. Тек №5 орта мектеп-лицейі мен №13 орта мектепте  күрделі жөндеуге  байланысты жұмыс жасалмайды. Басқа білім ошақтарында  1-маусымнан- 1 тамызға дейін балалардың демалысына арналған түрлі шаралар қолға алынады.

Оларда аз қамтылған отбасылардың 600 баласы тегін  демалады.

Қала сыртындағы лагерлерде өткен жылы 4 мыңдай бала қамтылса, биыл  тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардан 2200  бала демалады деп күтілуде. Оқушылар №16 және №19 орта мектеп-гимназиядағы жүзу бассейіндеріне кестеге сай барады. Бұл жерде де, аз қамтылған отбасылардың балаларына барынша көңіл бөлініп отыр.

Демеушілер және ата-аналар есебінен балаларды   Балқаш пен Алакөл, Қапшағай  су  айдындарында  демалту жоспарланған.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық тапсырмасына  сәйкес, туған өлке тарихымен таныстыру мақсатында туристік саяхаттар ұйымдастырылады.

Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Білім-инновация лицейінің мұғалімдері  тарапынан 5-16 маусым аралығында 5 сынып оқушылары арасында ағылшын тілін үйрету жазғы мектебі жұмыс жасайды.Бұл жаздық тілдік  мектепте «KATEV» қоғамдық қоры бекіткен бағдарлама бойынша 110 бала ағылшын тілін үйренеді.

Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебі маусым айында 30 оқушыға ақылы он күндік ағылшын тілін үйрету курсын ұйымдастырмақ. Ал,  5-6 сынып оқушыларына тегін шет тілін үйрету жазғы мектебін ұйымдастыру жағы қарастырылуда.

 Қаладағы спорт алаңдарында маусым-шілде айларында оқушыларға футбол, волейбол спорттық ойындарынан жарыстар ұйымдастырылады.

Оқушылар сарайында балалар үшін күндізгі жаздық лагер жұмыс жасайды.  Лагерьге жас мөлшері 6 пен 10 жасқа дейінгі алдын ала жазылған балалар қамтылады.  Әр ауысым 10 күнді  құрайды. Жұмыс уақыты таңғы 9.00-14.00-ге дейін /түске дейін/ . Лагерь тегін қызмет етеді.  Балалар 300-400 теңгеге жеңіл тамақтанады.

Жазғы лагерь 7 топқа бөлініп, әр топта 15 баладан болады.

1-ауысым  4-15 маусым аралығында 105 баладан қабылдайды;

2-ауысым 18-29 маусым аралығында;

3-ауысым 2-13 шілде аралығында;

4-ауысым 16-27 шілде аралығында .

Жазғы демалыс лагерінде жалпы 420 бала қамтылады.

Лагерьдің кешендік бағдарламасына  тәрбиелік-сауықтыру және танымдық шаралары жоспарға сәйкес енгізіледі. Командалық – спорттық ойындар, саяхаттар, табиғат аясындағы ойындар, қызықты фильмдер көрсету, флешмобтар, түрлі тақырыпта асфальтта сурет салу байқаулары, үйірмелер және тілдер мектебі де бекітілген кесте бойынша  жұмыс жасайды.

«Туған жер» бағдарламасы аясында тарихи орындар – музейлер мен археологиялық ескерткіштерге, петроглифтерге және галереяларға экскурсиялар ұйымдастырылады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK