Алматы облысында әуесқой велошабандоздар арасында «Gran Fondo Kazakhstan – 2018» жарысының кезекті кезеңі өтті. Айтулы додаға Қазақстан, Ресей, Германия, Польша, Өзбекстан, Қырғыстан және Украинадан жалпы саны 200-ден астам спортшы және әуесқой велошабондоздар келіп қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

GRAN FONDO – дүниежүзінің 12 елінде өтетін әлемдік деңгейдегі аса беделді турнир. Бұл жарыс Қазақстанда осымен үшінші рет жалауын желбіретіп отыр. Мамандар бұқаралық веложарыстар тарихы осыдан 100 жыл бұрын Италиядан бастау алғандығын айтады. Осы уақыт ішінде айтулы шара Еуропаны ғана емес, Италиядан Оңтүстік Африка Республикасына, Калифорниядан Жаңа Зеландияға дейінгі аралықты қамтып, бүкіл жер жүзінде ең танымал веложарыстардың біріне айналған.

Сонымен, екі күнге (26-27 мамыр) созылған жарыс тартысты өтті. Алғашқыда спортшылар Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылының тас жолында топтық жарысқа түсіп, 100 шақырым қашықтықты бағындырды. Ал, келесі күнгі дода Талдықорған қаласында өтті. Бұл бәсекеде велошабондоздар критериум бойынша шеберлік байқасты.

Айта кетейік, Gran Fondo Kazakhstan жарысына кәмілет жасына толған кез-келген адамның қатысуына мүмкіндік қарастырылған. Веложарыста 18 бен 56 жас аралығындағы спортшылар бақ сынасты.

Мәре сызығын бірінші болып кескендер жеңіс тұғырынан көрінді. Əр санат бойынша жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне НСК сақтандыру компаниясының арнайы сыйлығы берілді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тарапынан 1-орынға — 150, 2-ші орынға – 100 және 3-ші орынға — 50 мың теңгенің қаржылай сертификаты мен медальдары табысталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK