Көмірге тұрған көлік кезегі қашан азаяды?

834
А.Нұршановтың фотосы

Алматы облысы аумағында 91 көмір тұйығы бар. Өзгелерін қайдам, Талдықорғандағы темір жол тұйықтары сыртындағы жүк көліктерінің кезегі азаяр емес.

А.Нұршановтың фотосы

Осыдан бір апта бұрын өткен баспасөз-мәслихатында облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатов мәселе алдағы уақытта шешіледі деп еді…

Кезек күтіп  тұрғандардың айтуынша, кейбір адамдардың  келгеніне 5-6 күн болған.

А.Нұршановтың фотосы

Талдықорған қаласының тұрғыны Тілеукен Месібаев:  «Мен осында келіп кезек күткеніме бір аптадан асты. Аптасына екі мәрте төрт-ақ вагон көмір келеді. Ол, осыншама көп көліктің қайсысына жетеді. Кезектің алдында тұрғандар алады. Соңындағылары  келесі келетін көмірді күтуге мәжбүр. Менің осы өңірде тұрып жатқаныма 60 жылдан асты. Бұрын-соңды мұндай көмір тапшылығы болып көрген емес» дейді.

Әсет Қанағатов брифингте атап өткендей, аймақ тұрғындарының сұранысы 1,5 млн. тонна. «Қазірге оның 1млн 200 мың тоннасы жеткізілген. Ал, көмір алуды қиындатып, бағаны қолдан қымбаттатуды  көздегендерге тиісті шаралар қабылданды. Бұл туралы әрбір аудан, қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілген. Сондай-ақ, осыған дейін күнделікті келетін көмір өте аз болғандықтан,  жұрт ұзын-сонар кезек күтуге  мәжбүр болған. Енді көлік санын көбейтіп, күніне  30-35  вагон  қатты отын алдыруға  қам жасалуда. Бұл мәселе алдағы екі апта ішінде толық шешіледі».

Ал, көмір сату орындарының қожайындары көмір бағасы өзгермегенін айтады. Тек көмір өте аз болғандықтан, халыққа жеткізу үшін бір көлікке 4 тоннадан артық тиемей отырмыз дейді. Бұл да дұрыс шығар…

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK