Құтырған жануар қауіпті!

852
ғаламтор

3-4 жыл бұрын облысымыздың шалғай ауылдарының бірінде ит иесіне шабуылдап, қолынан қауып алады. «Тездетіп дәрігерге жүгініп, емделсеңші» деген жұбайының өтінішіне құлақ түрмеген  азамат араға 2-3 ай салып қайтыс болыпты.  Дәрігерлер анықтағандай, ол құтыру ауруына шалдығыпты. Жерлеу рәсімін  мұсылман дәстүріне сай  жүргізуге жиналған жұрт жұқтырып алудан қауіптенген.  Себебі, әдетте өліммен аяқталатын аталмыш аурудың инкубациялық кезеңі 12 күннен 12 айға дейін созылады. Жүйке жүйесіне қатты зақым келтіретін құтыру вирусы адамға ауру жабайы және үй жануарлары арқылы беріледі,- дейді мамандар. Адамды өлімнен құтқарудың жалғыз жолы — дер кезінде екпе жүргізу. Биылғы он айда екі адам  құтыру ауруына шалдығып, арнайы тіркеуге алынған. Ем жүргізілуде.  Анықтау барысында екеуінің де  ауруды аң аулау кезінде құтырған қасқырдан  жұқтырғаны белгілі болды.

Дегенмен, Алматы облысында  инфекциялық және паразитарлық сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бұл туралы  Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы  Ерғали Сыдыманов пен орынбасары Рая Ақашева журналистерді 10 айдың қорытындысымен таныстыру мақсатында  өткізген баспасөз мәслихатында  хабарлады.

А.Нұршановтың суреті

  Мамандар берген  мәліметтерге сүйенсек, жұқпалы аурулардың жыл санап азаюы — ең алдымен халықтың  санитариялық–эпидемиологиялық сауаттылығын арттырудан болса, екіншіден, профилактикалық егулерге байланысты. Аурудың алдын алуға бағытталған ұлттық күнтізбедегі 21 инфекциялық аурудың  17-нен  қорғану үшін  мемлекет қоржынынан  арнайы қаржы бөлінсе, қалған 4-і жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Адамзат үшін қауіпті жұқпалардың қатарында: сібір жарасы, вирустық гепатит түрлері, құтыру, бруцеллез, туберкулез, кене энцефалиті, туляремия т.б ауру түрлері бар. Мәселен, вирустық гепатиттің «А» түріне қарсы 2011 жылдан бастап 2 жастағы балаларды жоспарлы иммундау нәтижесінде сырқаттанушылық екі есеге төмендеген. Екпенің көмегімен өткен он ай ішінде облыс бойынша бруцеллез 8,7, туберкулез 16 пайызға азайған. Облыс аумағында кене энцефалитінің,туляремияның табиғи ошақтарында кенелерге қарсы  дезинсекциялық,кеміргіштерге қарсы дератизациялық профилактикалық жою жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Департамент қызметкерлері инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған көптеген шараларды жүзеге асыруда. Жылына екі рет журналистермен кездесіп,есеп беру дәстүрге айналған. Тұрғындар арасында «Тұмауға қарсы егілейік!», «Таза қол», «Тазалық-денсаулық кепілі» сынды акция өткізіліп,жұқпалы аурулардан сақтану жолдары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып,арнайы парақшалар,күнтізбелер әзірлеп,тарату арқылы түсіндірілуде.

А.Нұршановтың суреті

Десек те,облыста екпеден бас тартуға байланысты 358 жағдай тіркеліпті, оның 69,3 пайызы-жеке адамның өз көзқарасына, 22,3 пайызы-діни нанымға, 5 пайызы-екпеге сенбеушіліктен туындаған.

Алматы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті инфекциялық және паразитарлық сырқаттанушылықтан сақтануды және алдын алуға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу  аясын кеңейтіп,қ азан айында Instagram-ohranniki zdorovya  парақшасын ашты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK