Ерлікке тағзым

255

Биылғы ақпан айының 15 күні  Кеңес әскерінің  Ауғанстан жерінен шығарыла бастағанына – 34 жыл. Осыған байланысты Жетісу  облысының орталығы Талдықорғанда ел боздақтарын еске алуға арналған арнайы  іс-шара ұйымдастырылды. Оған өңірдегі жергілікті билік өкілдері мен жастар,  Ауған соғысы ардагерлері, олардың отбасы мүшелері   және мектеп оқушылары қатысты.

Жиналған қауым алдымен шаһардың орталық саябақтағы «Мәңгілік алау» мен құрбандар ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып,  боздақтар рухына тағзым етті. Осыдан соң сөз алған аймақтағы қорғаныс істер жөніндегі департамент төрағасының орынбасары Айдын Сағынбеков: « Кезінде Ауған жеріне Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барған азаматтар өз антына адал болды. Себебі, ондағы соғысқа қатысқан талай жас қыршынынан қиылып, мыңдаған шаңыраққа қайғы әкелді.  Біз әр жылы сол боздақтарды еске алып, олардың ерлігін жастарға үлгі етіп келеміз. Енді, міне, бейбіт өмірде сол соғысты көрген ардагерлер тарихи жаңарудан тыс қалмай, әлі де белсенділік танытып,Тәуелсіз еліміздің қоғамдық – саяси өміріне етене араласып келеді. Әсіресе, сіздердің, жастардың бойында патриоттық сезімін қалыптастыруға деген ықпалдарыңыз, елдік пен ерлікке тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Бұл күн – біз үшін Жеңіс күнімен теңбе-тең деуге болады. Ұлттық рухтың жүрегі –сана- сезім болса, күретамыры – патриотизм. Сіздердің атқарған азаматтық істеріңіз үшін алғысымыз шексіз», -деді.

Еске сала кетейік, кезінде Ауғанстан жерінде өткен сұрапыл соғысқа қазақ даласынан 22 мыңнан астам азамат аттанса, оның ішіндегі 3701 жауынгер Жетісу жерінің тумасы. Жалпы соғысқа барған азаматтардың  924-і сол майданда қаза тауып, 21 адам із-түзсіз кеткен.

Сөз кезегінде соғыс ардагері Бауыржан Барлыбаев: – «Бүгінгі басқосуға жиналғандар арасында  соғыс майданында қаза тапқан  азаматтардың жақын туыстары мен аналары бар. Біз сол кісілердің алдында бас иеміз. Қазір біздің ардагерлеріміз әрбір ауыл, аудан, қалалардағы жастармен кездесіп өнегелі өсиет айтуда. Өйткені, қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан арадегерлердің қатары сиреп, саны санаулы қалды. Сол үшін біз кейінгі ұрпақтарға патриоттық тәрбие беріп, елін, жерін сүйіп, Отанын қорғауға  шабыттандыруымыз керек. Еліміз аман, жеріміз тыныш, бейбіт заман болсын!», – деп өз ойын түйіндеді. Шара Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, соңында ақ дастарқан жайылып, соғыста  қаза тапқандардың рухына құран бағышталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз