Зейнетақыға тағы да үстемелер қосылады

845

Елбасы кезекті Жолдауында 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшерін үш кезеңмен арттыруды тапсырған болатын. Сондықтан да, 2017 жылдың 1 қаңтарында  ынтымақты зейнетақы мөлшері- 9 пайызға,базалық зейнетақы-7 пайызға артса, 1 шілдеден бастап ынтымақтық зейнетақы мөлшері  -11 пайызға,базалық зейнетақы- 13 пайызға көбейгені белгілі. Келер жылы зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер болатыны туралы жуырда ғана ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова журналистерге берген сұхбатында айтып өтті.

Ол мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ынтымақты зейнетақы көлемі-8 пайызға, базалық зейнетақы және басқа да жәрдемақы түрлерінің көлемі -6 пайызға өсетін болды. Сонымен бірге, базалық зейнетақыны тағайындаудың әдіс-тәсілдері де өзгереді. «Мәселен, бүгінде базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай барлығына біркелкі беріліп келсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтіліне қарай есептеледі. Светлана Жақыпованың айтуынша, жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасын ескере отырып, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі де еңбек өтілі есепке алынады.  Бүгінде елімізде 2 млн. 139 мың адам базалық зейнетақы алатын болса, оның 44,1 пайызының базалық зейнетақысы екі есеге көтеріледі. Яғни, бүгінгі күні -14 466 теңге алатын болса, 1 шілдеден бастап ол 28 274 теңге зейнетақы алады.

«Бұл шара еңбек өтілі көп бола тұра аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын недәуір жоғарылатуға мүмкіндік береді. Тағы бір ерекшелігі, барлық уақытта жинақталған ынтымақты зейнетақы төлемдері инфляция деңгейінен 2 пайыз артығымен төленіп  келеді. Мәселен, өткен жылдары ресми статистика бойынша инфляция деңгейі 7 пайыз болғанымен, зейнетақы көлемінің индексациясы 9 пайызбен есептелді»,-деді Светлана Жақыпова.

Сондай- ақ, қаңтардың 1-нен бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы да өзгертілмек. Бүгінде оның мөлшері-24 459 теңге болса, алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ол 28 284 теңгені құрайды. Мұндай көмекті қазіргі кезде еліміздің 3 млн. тұрғыны алады,-дейді Светлана Жақыпова.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK