«Чемпионмен шеберлік сыныбы» жалғасуда. Бұл жолы Талдықорған қаласының №12 орта мектеп-гимназиясының оқушылары «Жетісу» кәсіпқой футбол клубының ойыншыларымен кездесіп, жасыл алаңда қызыққа толы сабақ өтті.

Білім ордасына «Жетісудың» арнайы төрт ойыншысы шақырылды. Олардың қатарында Андрей Харабара, Темірхан Әділхан, Андрей Шабанов, Жақып Қожамберді сынды команданың негізгі құрамында өнер көрсететін ойыншылар бар. Аяқ доп шеберлері оқушылармен бірге жаттығу жасап, өз шеберліктерімен бөлісті. Алаңда допқа қалай иелік ету керектігін айтып, футбол спортының қыр-сырын үйретті.

Оқушылардың арасында болашақта футболшы болғысы келетіндері де бар. Кәсіпқой спортшылармен кездесіп, шеберлік сыныбына қатысқандарына дән риза.

Сабақ соңында оқушылар футболшылармен бірге естелік суретке түсті, оларға арнайы естелік сыйлық таратылды. «Жетісу» футболшылары оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, оларға өзінің ізгі тілектерін білдірді.

Аталмыш шара өткен жылдан бері «Отаным – тағдырым» жобасы аясында Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK