Театр ұжымы Татарстанға жолға шықты

497
Дереккөз

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры Татарстан Республикасының Буинск қаласында өтетін «БУА: Диалог кеңістігі» II халықаралық театр фестиваліне жолға шықты.

Дереккөз

Аталмыш шарада елімізбен қатар Швейцария, Әзірбайжан, Ресей  мемлекеттерінің өнерпаздары да бақтарын сынайды. Сонымен қатар, фестивальдің  соңғы күні Ресейдің атақты театр және кино актері, режиссер, продюсер Сергей Безруков “Маленький принц” моно-спектаклінде өнер көрсетпек.  15-25 мамыр аралығында өтетін фестивальде жерлестеріміз У.Шекспирдің әлемге әйгілі «Ромео-Джульетта» трагедиясын сахналайды. Драматург У.Шекспирдің бұл трагедиясында өзара дұшпан екі әулетте дүниеге келіп, кездейсоқ бір-біріне ұшырасып, ғашық болған Ромео мен Джульеттаның қайғылы тағдыры баяндалады. Алайда, олардың бұл іңкар сезімдеріне  ежелден жау  Монтекки мен Капулетти қарсылық білдіреді. Нәтижесінде үйленбекке талпынған уыздай қос жұптың тағдыры қыршынынан қиылып, қайғы-қасіретпен аяқталады. Басты рөлдерді театрдың талантты жас әртістері Шалқар Мүкен мен Әсем Жетпісова сомдайды.

Дереккөз

Театр басшысы Ғалия Темербаева “Драма театрлар арасында өнер көрсетуге шақырту бізге түскеніне қуаныштымыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Соңғы рет  халықаралық фестивальге 2003 жылы Анталияға шыққанбыз. Араға біраз уақыт салып, шет елге тағы да жол түсті. Осы орайда  облыстық әкімдікке, мәдениет саласының басшылығына алғысымызды білдіреміз. Жолға шыққан актерлік құрамның басым көпшілігін жастар құрайды. Сондықтан біздің ең әуелгі мақсатымыз қандай да бір жүлдеге ие болу емес, жастар өзге өнер ордаларын көріп, өзара тәжірибе алмасу. 23 күні өнер көрсетеміз. Қасиетті Рамазан айында бізге күш-қуат береді деген сенімдеміз”-деп өздеріне жүктелген жауапкершіліктің мол екендігін атап өтті.

Дереккөз

Көпшілікке “Тақиялы періште” фильміндегі Тайлақ рөлімен  етене таныс Әлімғазы Райымбеков шығармашылық ұжымға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK