Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылына биыл 90 жыл. Мейрейтойды ауыл халқы 3 күн бойына тойлатты. Той аясында жасөспрімідер арасында аудандық күрес жырысы, волейболдан облыстық ашық турнир, қазақ күресінен түйе палуандар жарысы, тай, топ, аламан бәйге ұйымдастырылып, көкпар берілді. Сондай-ақ, ауыл халқы үшін Алакөл аудандық Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Талдықорған әуендері» ансамблі ән шырқады.

Ауыл сыртындағы атшабарда киіз үйлер тігіліп, жұртшылыққа ас берілді. Той аясында Көлбай батыр мазары жаңартылған. Тарихи деректерге сенсек, Көлбай Барақұлы Қабанбай батырдың барлаушы сарбазы болған. Қолы ашық, өзіне тиесілі олжаны ел-жұртқа үлестіріп бергені үшін халық Садырдан шыққан батырды қолы бай деп атап кеткен көрінеді. Ал, бұл ауылға Көлбай батыр есімі 1965 жылы берілген екен.

Ауылдық округ әкімі Ержан Шакеровтың айтуынша, тойды өткізуге дайындық жыл басынан басталған. Айналымы 3,5 шақырымды құрайтын атшабар дайындалған. Тойға арналған жарыстардың жүлде қоры 3 миллион теңгеден асады. Оның барлығын ауыл азаматтары жинаған.

Волейболдан өткен облыстық ашық турнирде 16 команда бақ сынады. Талдықорғаннан келген команда бірінші орынды иеленсе, көлбайлықтар екінші орынды, Жайпақ ауылының командасы үшінші орынды иеленді.

Ал, түйе палуандар бәсекесінде көлбайлық Мадияр Шакенғалиевтың асығы алшысынан түсіп, бас жүлдені жеңіп алды. Екінші және үшінші орынды үшаралдық Сәкенұлы Жігер мен Екпінді ауылынан келген Қарқатеров Тоқтар бөлісті.

Аламан бәйгеде талдықорғандық Біржан Жылқайдаровтың жүйрігі бірінші келсе, тай жарысында көлбайлық Жандос Кемелхановтың сәйгүлігі жеңімпаз атанды.

Бүгінде ауылда 3 мыңға жуық халық тұрады. Негізгі тіршілік көзі — мал шаруашылығы. Соңғы жылдары қант қызылшасымен айналысушылар қатары артып келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK