Мәдениет қызметкерлері марапатталды

1030
Фото авторы А.Нұршанов

Бүгінгі таңда облысымызда 565 мәдениет, мұрағат мекемелері, 88 “Халықтық”, “Үлгілі” атағы бар ұжымдар мен 1353 көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс жасайды. Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өткен жылы 3 мәдениет нысаны жаңадан салынып, сегізіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта 243 мәдениет үйін қалпына келтіріп, жаңғырту жоспарда бар. Бұл туралы облыс басшысы Амандық Баталов мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында мәлімдеді.

Фото авторы А.Нұршанов

Аталмыш шара өнер қызметкерлерінің 2017-2018 жылдар аралығында атқарған мәдени-көпшілік шаралары туралы бейнефильмнен басталды. Бұдан кейін  сөз алған облыс басшысы “Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұлт руханияты мен мәдениеті жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Төл мәдениетіміз бен өнеріміздің қанат жайып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына осында отырған баршаңыздың үлесіңіз бар деп санаймын” — деп өнерпаздарды мерейлі мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы жылы қаламыздағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті. Жиын барысында Амандық Ғаббасұлы жыл бойы жақсы нәтиже көрсете білген үздік мекемелер мен өнер иелерін марапаттады.

Фото авторы А.Нұршанов

Атап айтар болсақ, сахна майталмандары “Мәдениет саласының үздігі” мен “Еңбек даңқы” төсбелгілері, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы,  Алғыс хатына ие болды. “Үздік мәдениет қызметкері”, “Үздік мәдениет үйі”, “Үздік кітапхана”, “Үздік музей”, “Үздік өнер ұжымы”, “Үздік театр әртісі”, “Үздік қолөнер шебері”, “Үздік Халықтық”, “Үлгілі ұжым” аталымдарында жеңімпаз атанғандар марапатталып, 100 мың  теңгенің сертификаты берілді.

Фото авторы А.Нұршанов

Ал, “Үздік облыстық мәдениет мекемесі” деп танылған  тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталыққа “Лада Урбан” автокөлігінің кілті табысталды. Жиын барысында Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, “Алтынай” би ансамблінің бишісі Жұлдыз Әбдірахманова, І. Жансүгіровтің әдеби-мемориалдық музейінің қызметкері Айжан Оразбаева, “Сүйінбай сазы” ансамблінің жеке дауыстағы әншісі Ғалия Әбдірейім әріптестерін құттықтап, облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев қазіргі таңда штат бөлу мәселесінің оң шешімін тауып, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын нығаюда екенін тілге тиек етті.

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK