Талдықорғанда 5 көшеге жаңа атау беріледі

307

Талдықорған қаласы жыл сайын өркендеп, өсіп келеді. Ғимараттармен қоса  сәнді тұрғын үйлер салынып, қоныс тойын атап өтушілер қатары көбеюде. Талдықорған қалалық мәслихаты жаңадан бой көтерген  аудандар, көшелерге атау беру мәселесін қараған жиынды Оқушылар сарайында өткізді.

Қалалық мәслихаттың «Әлеуметтік қорғау, заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Т. Ақажанов көпшілік тыңдауын жүргізіп отырды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Э. Мұқышева: «Алматы облысы әкімінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысына сәйкес 6 — Болашақ, 7- Көктем, 8 шағын аудан — Бірлік  деп  аталғандығына тоқталды. Осы шағын аудандарды  байланыстырып отырған үш көшеге және  Алматы күрежолындағы  көшеге атау беру мәселесіне орай  өз ой-пікір, ұсыныстарыңызды айтсаңыздар»,- деп хабарлама жасады.

Қаладағы Оңтүстік батыста орналасқан жаңа көшелерге  Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваның, тағы бір жаңа көшеге қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов және де Астана, «Шайқорған» тұрғын алабында орналасқан Астана көшесін «Нұрлы таң» деп  атау, сондай-ақ, Талдықорған- Алматы тас жолы бойындағы батыс айналымнан 3,429 шақырым атауы жоқ  даңғыл Қадырғали Жалайыри есімдерімен аталатындығы жөнінде ұсыныс жасалды.

Көпшілік тыңдауға қатысқан  қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Қалық,  белсенді мүшелер Тұрсын Әбдуәли мен Әли Ысқабай көшеге атын  беруге ұсынылған тұлғалар жөнінде қолдау пікірлерін айтты.

Жиналған көпшілік көше атауына байланысты бірауыздан қолдау білдірді. Мұнан әрі қалалық мәслихаттың хаттамасы толтырылып, ол облыстық ономастикалық комиссияның отырысына ұсынылады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK