9 Мамыр — Ұлы жеңіс күніне орай Алматы облысының әкімі Амандық Баталов соғыс және еңбек ардагерлерін қабылдады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Салтанатты басқосуға жалпы саны 200 ардагер келді. Арнайы шақырылған құрметті қонақтарға гүл шоқтар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Кездесуге жиналғандар алдымен Жеңіс күніне орай дайындалған деректі фильмді тамашалады. Артынша өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы ардагерлерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Құрметті ардагерлер! Баршаңызды алда келе жатқан қос мереке – Ұлы Жеңіс және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! 9 Мамыр – батырлық пен ерліктің, қаһармандықтың символына айналған ұлы және ең қастерлі мереке. Бұл – аға ұрпақтың ерлігі мен рухының жеңісі. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі – осынау мерекенің жемісі. Сіздердің жалынды жастық шақтарыңыз сұрапыл соғыста өтті. Сол жылдарда ауыртпалық қарттар мен әйелдерге, жас балалардың иығына түсті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп, тынымсыз жұмыс жасады. Олардың еңбегі ерлікке пара-пар. Қиын сәтте мойымай, қайсарлық пен қайрат танытып, осы күнге жеткіздіңіздер. Бүгінгі бейбіт заман үшін барлық ардагерлерге шын жүректен алғысымызды білдіріп, бас иеміз. Сіздерге зор денсулық, бейбіт өмір тілеймін. Тәуелсіз елміздің табыстарына куә болып арамызда аман-сау жүре беріңіздер. Мерекелеріңіз құтты болсын!, — деді А.Баталов.

Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданынан Солтанбай Жарықбасов, Сарқан ауданынан Берлібек Ысқақов, тыл еңбеккері, Балқаш ауданынан Бейсенбек Төстікбаев сөз алып, қатарластарына ізгі тілектерін жеткізсе, соғыс ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақал көпшілікке батасын берді. Дастархан барысында концерттік бағдаралама ұсынылып, өнерпаздар мереке шырайын кіргізді.

Қазіргі таңда Алматы облысында 138 Ұлы Отан соғысының ардагері, 12 мыңға жуық тыл еңбеккері бар. Ардагерлерге және басқа да санаттағы азаматтарға шипажайларға тегін емделуге биылғы жылы 187,5 млн. теңге қаржы бөлінген. Одан бөлек, 9 мамыр — Жеңіс күніне орай облыстық бюджеттен әрбір соғыс ардагеріне 150 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерін қосалқы және көмекші құралдармен қамту үшін бюджеттен 2 млрд. 830 млн. теңге, ал коммуналдық қызметтерге 16 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK