“SMART CITY” тұрғындар үшін қолайлы

191
Дереккөз

Өткен жылы қалалық жергілікті атқарушы органдар «Ұлт жоспары-100 нақты қадам», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыруда қызмет атқарды. Елбасы тапсырмасын орындауда бірқатар шаралар қабылдануда. Көрме кешені, Салтанат сарайы, «Рухани жаңғыру» орталығы сынды ғимараттар қолданысқа беріліп, көпшілік мерейін тасытты. Сондай-ақ, Жетісу жұртшылығы үшін тарихи оқиға болған қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Газдандырудың алғашқы кезеңінде  Абылай хан көшесінің бойындағы  жеке секторға, айналма жолдағы жаңа ғимараттарға, «Қаратал» шағын ауданына, облыстық аурухана маңайы мен қаланың орталық аудандарына газ желісі тартылды. Бұл үрдіс қазіргі таңда да жалғасын табуда. Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Жолжанов «Жетісу» телеарнасының «Тұжырым» бағдарламасында аталмыш газбен қамту, экономика және бюджеттік жоспарлау, тұрғын үймен қамтамасыз ету және өзге де жаңалықтар жөнінде бөліскен болатын. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 Қазіргі күні қаламыз өсіп-өркендеп, көркеюде. Көптеген сәулетті ғимараттар, тұрғын үйлер  бой көтеруде. 2018 жылы Талдықорған қаласында бюджеттік қаржыға салынатын үйлер қанша болмақ?

-Тұрғындарды баспанамен қамту жоғары дәрежеде жүруде. Бізге бюджеттен 1 млрд.800 млн қаражат бөлінді. Оған жалдамалы, несиелік, жалпы 5 үй, 12 коттедж салынады.

Қала тұрғындарын мазалап жүрген бір сауал бар. Көппәтерлі үйдің жер  учаскесі кімге тиесілі?

-Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес көппәтерлі үй учаскесі сол үйдің тұрғындарына тиесілі. Ол ортақ территория боп есептеледі. Алайда, әркім  ауланы қоршап, өзіне меншіктеп ала алмайды. Ол жалпыға ортақ.

Ал, егер заңсыз түрде тіркеген болса, қалалық әкімдікке келіп шара қолдануға бола ма?

-Әрине, тиісті шара қолданылады.

Үйдің жертөлесін қойма қылып жүргендер көптеп кездеседі. Сол жертөлені жеке қойма қылуға бола ма?

-Болмайды. Бұл ортақ мүлік. Оны жекеменшік заты ретінде пайдалануға тыйым салынады. Мысалы, жертөледе әрқашан техникалық қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс. Әркім өзінше пайдаланатын болса, онда не сақталып тұрғанынан хабарсыз боламыз. Тұрғындар өздері үшін сақтық шараларын жасауы тиіс. Егер тұрғындар кішігірім қойма жасаймыз деп ортақ шешім шығарса, бір бөлігін жасауға болады. Бірақ барлығының келісімімен ғана.

Тұрғындар келісіп жатқан күнде өрт қауіпсіздігіне кедергі келтірмей ме?

-Жоқ, әрине, сақтық шаралары ең әуелгі кезекте.

Көпшілікті қуантқан жағымды жаңалықтардың бірі қаламызда музыка мектебінің құрылысы басталды. Көпшілік құрылыс жұмыстарының аяқталу уақытын білгісі келеді.

2017 жылы үш мектептің құрылысы басталған болатын. Атап айтар болсақ, Оңтүстік-Батыс және Солтүстік-Батыс аудандарында 1200 орынды екі мектеп және 300 орындық музыкалық мектеп. Биылғы жылы тамыз айында барлық мектептің құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз. Оқу жылының басында  жаңа мектептер оқушыларды қабылдай алады.

Облыс орталығына көгілдір отынның келгеніне жұртшылықтың бәрі қуануда. Оны қосудың нақты бағасын бірі білсе, бірі білмейді.

 -Бұл оқиға қала тұрғындары үшін өте маңызды деп айтсам да болады. 2019 жылға дейін 23 мыңнан астам тұрғынды газбен қамтамасыз ету көзделуде. Тек жер үйлер ғана емес, сонымен қатар, көппәтерлі үйлерге де қосуды жоспарлап отырмыз. Әр бейсенбі сайын газ жүргізіліп жатқан орындарды аралап, жұмыс барысын қадағалап отырамыз. Барлығы қала әкімінің бақылауында. Газ қосу құнына келер болсақ, ол арақашықтыққа байланысты. 15 метрге дейін болса 82 мың, 30 метр болса 120 мың болады. Айта кететін жәйт 6 айға бөліп төлеу де қарастырылған.

Талдықорған қаласында “Smart City” бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылуда”

-Талдықорған қалалық  әкімдігіне қарасты “Ақпараттық-аналитикалық орталық” КММ құрылған болатын. Негізгі тапсырма қаланы тұрғындарға қолайлы ету. Көптеген  бағдарламалар жасалуда. Бірінші кезекте сақтық шарасына орай 10 ақылды-интеллектуалды  жаяу жүргінші жолын жасасақ деп отырмыз. Одан кейін “Smart қауіпсіз мектеп” жобасы бастау алды. Пилоттық жоба №4, №10, №26 орта мектептерде жүзеге асырылады. Қаладағы аялдамаларға Wi-Fi қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғындарға қолайлы болу үшін автобустардың жүру уақытының электронды кестесін орнатсақ деп отырмыз. Одан өзге де көптеген жобаларға аналитикалық талдаулар жүргізілуде.

Биылғы жылы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласына жөндеу жұмыстары жүргізіле ме?

-Биылғы жылды “Аула жылы” деп атаймыз. Аулалардың балаларға қолайлы болуын қадағалаймыз. Байқаулар ұйымдастырылып, мердігер компаниялар бекітілді. Сонымен қатар, кәсіпкер, меценаттарды өз қаласының игілігі үшін байқауға қатысуға шақырудамыз. Бұл жөнінде қала әкімімен кездесулер өткізілді. Аталмыш игілікті іске, жұмыс жасауға  дайын азаматтар да бар екенін атап өткен жөн болар.

Әр аулада балалар алаңы қойылуда. Олар бүлінген жағдайда  жөндеу жұмыстары жасала ма?

-Жасалады. Жұмыстар кепілдік мерзімімен жүзеге асады. Кемінде екі жыл кепілдік беріледі. Бұл орайда әрбір тұрғын үйдің ПИК тазалықты, ойын алаңындағы құрылғылардың  сапасын үнемі  назарда ұстайды.

Қала әкімі Бағдат Қарасаев өткен жылы қоғамдық көліктерге “Оңай” жүйесін енгіземіз деген еді.

-Біз Алматыға барып, арнайы осы жүйенің жұмыс жасау барысымен танысып келген болатынбыз. Бұл қала тұрғындары үшін өте қолайлы болмақ. “Цифрлық Қазақстан” аясында мұны дамытатын боламыз. Бірақ, ол міндетті түрде “Оңай” емес, соған ұқсас өзге жобалар болады.

Қаламыздың даму болашағы қандай?

-Баршаңызға белгілі биылғы жылы драма театр қолданысқа беріледі.  Сонымен қатар, жүзу бассейнінің, жеңіл атлетика манежінің құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK