Қос соғыстан аман оралған сарбаз

575

Төлеубай Шектібаев -Ұлы Отан соғысының ардагері. 1925 жылы  Семей облысы,  Жарма ауданы,  Скотовод кентінде дүниеге келген ол жетінші сыныпты бітірісімен еңбекке араласады. Осылайша, ел басына түскен ауыртпалықты көтереді, егіншілікте, мал шаруашылық жұмыстарды атқарды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен тылда қалғандар  күндіз демей, түн демей егін орды, қырманды күзетті. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін майдан үшін  жұмыс жасады.

Ал  қолына қару алып, Отан үшін күресуді  азаматтық  борышы деп түсінген Төлеубай Шектібаев 1943 жылдың 25 қаңтарында  Жарма  ауданының  әскери комиссариатынан өзі сұранып  майданға аттанады.

 1943- 1944 жылдың соңына дейін Амур өзенінің бойында Қиыр Шығыс шекарасында дайындықтан өтеді.    Содан Белорусь майданының құрамында Венгрияның Балотон деген көліне дейін барады.

         1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83- атқыштар қатарында Жапонияға қарсы соғысқа араласады.  Харбин қаласын азат етуге қатысты. Соғысты мамыр айында аяқтап елге оралады.  Қан майданда көрсеткен ерен табандылығы ескерусіз қалмады. I-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «За отвагу» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды.

         Жеңіс солдаты елге оралған соң, Семей өңіріндегі  ауылшаруашылық техникумында, Алматы қаласының мал шаруашылық  институтында оқып,  білім алады.

Ауылдағы  шаруашылықты  көтеруге атсалысады. Зоотехник, экономист, партком хатшысы, кеңшар директоры, ауылдық  кеңестің  төрағасы қызметтерін атқарды.

          Бір кездегі   бейнетті  еңбектің зейнетін көрген қария  2006 жылы Талдықорған қаласына қоныс аударды.  Бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған абыз ақсақал.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK