Талдықорғанның әлеуметтік – экономикалық дамуы қарқынды

445
Марлен Көлбаев

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында көптеген игілікті істер атқарылуда. Бұл ретте облыс басшысы Амандық Баталов пен қала әкімі Бағдат Қарасаевтың еңбегі зор. Әр жыл қауырт жұмыс кезеңіне толы. Баршаға мәлім, ағымдағы жылы Көрме кешені, Салтанат сарайы, “Рухани жаңғыру” орталығы қолданысқа берілді.  Жол құрылысы мен жөндеу, абаттандыру, санитарлық және экологиялық жағдай, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы, ауыз сумен қамтамасыз ету сынды  бірқатар мәселелер шешімін тауып келеді. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы,  алдағы атқарылар міндеттер мен жаңалықтар  жайында қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев  “Жетісу” телеарнасындағы “Тұжырым” бағдарламасында айтқан болатын. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Марлен Қапашұлы, қаламыз күннен-күнге өсіп-өркендеуде. Халық саны да артуда. Балабақша мәселесі бұрындары қиындау еді. Бұл жағы қазір қалай?

Бүгінгі таңда қаламыздың халық саны 172 600. Балабақша мәселесі осыдан екі жыл бұрын өзекті болса, қазіргі таңда оңтайлы шешілуде. Өңірімізде шамамен жылына 4000 сәби дүниеге келеді.  0-6 жас аралығында 9140 бала балабақша кезегінде тұр. Бұл күнделікті ауысып тұрады. Бірде азаяды, бірде көбейеді. Ал, 3-6 жас аралығында 1750 бала. Бүгінгі таңда балабақшамен қамту пайызы 97 %  көрсеткіш көрсетіп отыр. Қаламызда 64 балабақша бар. Оның 16 мемлекеттік болса, 40 жекеменшік, 8 балабақша шағын орталықтар.

Балабақша ашуға ниет білдіріп келіп жатқандар бар ма?

Әрине бар. Өткен жылы 12 балабақша ашқан болатынбыз. Биыл жоспар бойынша 3 балабақша ашуымыз керек. Бірақ 5 балабақша ашамыз деп дайындап отырмыз. Маусым айында алғашқысының ашылу салтанаты өтеді.

-Қаламызда мектеп саны жеткілікті ме?

Дәл қазіргі таңда мектеп саны жеткілікті. Алайда, алдын ала қарастыратын болсақ, екі жылдан кейін жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан облыс әкімінің қолдауымен 1200 орынды екі мектеп салынуда. Құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтасақ, алдағы уақытта да мектеп тапшылығын көрмейміз. Ал, енді сол мектептердің жағдайына келсек, бізде жыл сайын кемінде 2-3 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Мысалы, былтыр Білім-инновация лицейі, Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп, №45 “Арман” балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Биыл да бұл үрдіс жалғасын табады. №13 мектеп пен Ломоносов мектебін толық күрделі жөндеуден өткіземіз. 1 қыркүйекке дейін үлгеру үшін, мектептің бір бөлігін босатып, қазірден бастап жұмыс жасалуда.

-Мектептегі кадр мәселесі қалай?

“Ұстаз ұлы тұлға” деп бекер айтылмаған ғой. Бізде соншалықты тапшылық жоқ, бірақ, зейнет жасындағы ұстаздарды есептесек орыс тілі, ағылшын тілі пәнінің, бастауыш сыныптарының мұғалімі қажет. Білім бөлімінің арнайы жасаған талдауына қарасақ, келесі жылға 29 ұстаз қажет. Осы орайда өңіріміздегі қарашаңырақ І.Жансүгіров атындағы ЖМУ, Алматы қаласындағы бірқатар оқу орындарына ұсыныс жібердік. Білікті түлектер болса жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Қаламызда 2200-ден астам ұстаз қызмет етеді. Айта кетейік, 2017-2018 оқу жылында 114 жас маманды жұмысқа қабылдадық.

Медицина саласында кадр тапшы деген сыбыс бар.

Ол рас. Медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі бар. 2012 жылдан бері 31 бала облыс әкімінің қолдауымен медициналық мамандықтар бойынша тегін оқып жатыр. Осы жазда бірқатары дипломдарын алады. Сол бітіруші түлектер қаламызда осы салада қызмет жасауға тиіс. Одан өзге еліміздегі барлық медициналық білім шаңырақтарына барып, ұсыныс білдірдік. Олардың басты мәселесі баспана. Қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жолдарын қарастырудамыз. Осы мәселе оңтайлы шешімін тапса, кадр тарапынан ешқандай қиыншылық болмайды деп ойлаймыз.

Тұрғындар көкейін “Көктал ауылында амбулатория салына ма?” деген сауал мазалайды.

Салынады деп нақты айта алмаймын. Себебі, біздің жұмыс жоспарымызда әзірге жоқ. Алайда, Еркін ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның  облыстық құрылыс басқармасы сметалық жобасын жасап, сараптамаға өткізді. Маусым айында нәтижесі белгілі боп, тиісті қаражат бөлінеді. Жоспар бойынша келесі жылы көктемде аяқталуы тиіс.

Жергілікті полиция қызметінің жұмысына тоқтала кетсеңіз.

Қаламызда жергілікті полиция қызметі жұмыс жасайды. Оны Базиев Талғат Биғалиұлы басқарады. Бізде 8 участкелік пункт бар. Онда 55 участкелік инспектор жұмыс жасайды. 23 кәмілеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша жұмыс жасайтын  инспектор бар. 105 жол патруль полициясы бар. Барлығының да ең әуелгі міндеті қылмыстың алдын алу, жол қауіпсіздігі.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіні барлығы пайдаланады. Осы ретте қалалық әкімдікке көп сын айтылып жатыр. Сіздер оны қалай қабылдайсыздар?

Расында да, көптеген сын айтылуда. Алайда, ол сындардың орындысы да, орынсызы да бар. Айтылған әрбір сын назардан тыс қалмайды. Тиісті шаралар қолданылады. Газ, жол, қаланың тазалығы жөніндегі мәселелерге көп сын айтылуда. Қаламызға газ келгенінің өзі тарихи оқиға деп есептеймін. Оны іске қосу үшін, әрине, жол қазылады. Халықтан сұрарымыз, аздап сабырлық танытса екен. Жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін соның рахатын көреміз.

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK