Электронды қызметтің ерекшеліктері

304

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен Талдықорған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруында арнайы ақция өтті. Мұндағы мақсат – Елбасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында халыққа электронды түрде қызмет көрсетудің жолдарын түсіндіру және оны жан-жақты насихаттау.

фото Д.Жаныс

Облыстық департаменттің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков: «Бүгінде жалпы елімізде 700-ден астам мемлекеттік қызмет түрі бар. Соның Алматы облысында 422 –сі  көрсетіледі. Ал, өткен жылы азаматтарға 10 миллионнан астам қызмет көрсетіле, оның саны биылғы жылдың бірінші тоқсанында 3 миллионға жуықтаған. Ұсынылған  қызметтердің  66 пайызға жуығын тұрғындар электронды түрде алған. Болашақта мұндай қызметтің барлық түрі тек электронды түрде ғана болады» – деді.

Аталған шараға шаһар әкімдігіне қарасты барлық мекемелер мен екі жоғарғы білім ордасы, халыққа қызмет көрсету орталығы, Өтенай және Еркін ауылдық округтері қатысқан.

Талдықорған қаласы әкімдігі ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Мерей Данировтың айтуынша, бұл  акция халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан 92 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Биылғы жыл басынан бері тұрғындарға 24 мың 800 қызмет көрсетілсе, оның 17 мыңнан астамы электронды түрде ұсынылған.  Электронды қызмет көрсету ерекшелігі біріншіден, халықты қағазбастылықтан құтқарса, екіншіден, ешқандай бармақ басты көз қысты әрекеттерге жол берілмейді. Тіпті, тұрғындар ұзын сонар кезек күтпей-ақ үйінде отырып бар шаруасын тындыра алады. Қорытып айтқанда, бұл бастама заман ағымына қарай дамудың жарқын үлгісі екені анық.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK