Ерлікке тағзым — ұрпақ парызы

387
дереккөз

Талдықорған қаласындағы мәңгілік алау «Даңқ» обелиск басында  жас  ұрпақтың елін, жерін сүйіп, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатын көздеген ерлік сағаты өтті. Алматы облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының  бастамасымен өткен шараға  мектеп оқушылары мен  ұстаздар,  Ауған соғысы, Чернобыль, Семей сынақ аймағында зардап шеккен ардагерлердің бір тобы қатысты. Ескерткіш басына гүл шоқтары қойылды. Шара тақырыбы-«Ер есімі-ел есінде», «Астана-Отанымыздың жүрегі», «Рухани жаңғырудың жарқын жолы» деп аталыпты.

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы «Мәңгілік ел» идеясында: «Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат  қылдық. Осы жолдағы  буындар  бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі, бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз «Мәңгілік ел» боламыз» деді.  Бүгінгі  өткізіліп отырған шара аға буын мен жас ұрпақтың арасын жалғайтын ерлік, елдік тұрғысынан ұйымдастырылып отыр.  Астана- Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Әсем қала еліміздің брендіне айналып отыр. Өткен жылы  халықаралық «ЭКСПО-2017»  көрмесі өткені белгілі. Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойына арналып облыстың мектеп, оқу орындарында көптеген шаралар қолға алынды.Балалар қолымен  дайындалған   қолөнер, сурет көрмесі де шара төрінен орын алды,-дейді   орталықтың  көркем және эстетикалық шығармашылықты дамыту бөлімінің жетекшісі Есет Дәуренбаев.

-Отан үшін ерлікпен қаза тапқан ерлерді ұмытуға болмайды. Себебі, олар   келер ұрпақ балалардың бақытын қорғады. Президентіміз Н.Назарбаев  Арқа төсіне  елдің астанасын көшіріп, Есілдің жағасында  көркем де әсем Астананы салғызды. Бұл да  елі үшін жасалған ерлік. Отанымызды қастерлей білейік. Ал, ардагер ата-апалардың ерен ерлігі  елін, жерін құрметтейтін балалар үшін үлгі-өнеге,-деді Алматы облысы бойынша Чернобыль ардагерлері мен  мүгедектері қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Хұсайын  Дәуітұлы.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK