Менің қолымнан келері…

928

 

Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы, Жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының ұйытқы болуымен   ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Саят Медеуов қайырымдылық концертін өткізді.

Бүгінде өнер мен мемлекеттік қызметті қатар атқарып жүрген әнші, атап айтар болсақ, Қарасай ауданының №14 округінің мәслихат депутаты уақыттың тығыздығына қарамастан осал санаттағы жандарға тегін ән кешін ұсынды. Қоңыр дауысымен өзгелерден ерек өнер иесінің кешінде  басты көрермендер қатарында  “Айналайын”  балалар үйінің тәрбиеленушілері, Қарттар үйінің қариялары мен мүмкіндігі шектеулі жандар болды. Кеш барысында қазақы дәстүрге сай Жастар ресурстық орталығының басшысы Бақтияр Жақсыгелдинов мәртебелі мейманға  кәдесый  тапсырды.  — Бұл өмірге келгеннен кейін шама келгенше біреуге қолғабыс етуге, жақсылық жасауға, бір-бірімізге аз да болса септігімізді тигізуге талпыну  керек деп ойлаймын. Бүгінгі концерттің мақсаты да осы тұрғыда. Өткенде жастармен болған кездесуде мүмкіндігі шектеулі жандарды көріп, олардың  кез келген жерге концертке баруға мүмкіндігі жоқ шығар деп  арнайы тегін концерт берсем деген ұсынысымды  білдірген едім. Баяғы заманда үлкен кісілер “Я, Алла менің бар екенімді ұмытып кеттің бе? Ең болмаса кішігірім бір дерт бермедің ғой”- деп  қорқады екен. Бәлкім, бұл адамдар Алланың сүйген пендесі шығар. Сондықтан жаны жаралы жандарға қаражат жағынан үйіп-төгіп көмек көрсете  алмасақ та, әркім қолынан келгенін аянбауы қажет. Менің қолымнан келері  ән айтып, жақсы көңіл күй сыйлау, — деп пікірін білдірген қарапайым әнші  толқып тұрғанын да жасырмады. Айта кетейік,  аталмыш кеште шәкірттері “Шапағат” тобы да  өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK