Берекенің бастауы

330
фото А.Нұршанов

Сақталған салт-дәстүрге байланысты бір ай бойы тойланатын әз наурыз мерекесін Талдықорған қаласына қарасты Өтенай және Еркін ауылдық округтері айрықша сән-салтанатпен атап өтті. Қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың қатысуымен өткен мерекелік шарада алдымен ағаш егіліп, әжелер ақ тілек тілесе, ақсақалдар ақ батасын берді.

фото А.Нұршанов

Шара барасында арнайы ақ үйлер тігіліп, қолөнер шеберлері көздің жауын алатын әшекейлі бұйымдардан көрме ұйымдастырса, спортшылар ұлттық ойын түрлерінен өзара сынға түсіп кіл мықтыларды анықтады. Онда жастар  қол күресі, қазақ күресі, гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды спорттың бірнеше түрінен сайысып, топ жарғандар бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен бірге, өңір өнерпаздары ән жырдан шашу шашып, мың бұралған биімен мереке мерейін асыра түсті.

фото А.Нұршанов

Өтенай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұрат Ахметжанов: «Әз наурыз мерекесі ұлтымыздың ежелден ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл мерекесі. Берекенің бастауы. Оны жыл сайын дәстүрлі түрде атап өту қалыптасқан үрдіс. Мереке адамдарды береке-бірлікке бауырмалдыққа шақырады. Ұмыт болған салт-дәстүрді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі өнеге сыйлайды. Жылына бір келетін бұл мерекені ойдағыдай атап өту үшін ауылдық әкімдіктердің ұйытқы болуымен жергілікті кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Сол азаматтарға рахмет. Бұл күнгі тілеген әрбір игі тілектер орындалады дейді ғой. Сондықтан еліміз аман, жеріміз тыныш болып, айтылған ақ тілектерімізді Алла қабыл ете  берсін» –деді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK