Талдықорған қаласының әкімдігі жаңадан аудан орталығы болған Нарынқол ауылында бір ауланы толықтай абаттандырып, жаңа кросфит алаңын салып береді. Бұл туралы Райымбек ауданы активінің жиынында Талдықорға қаласының әкімі Бағдат Қарасаев айтты.

Жаңа аудан жұртшылығына әкімдерін таныстырып, алдына нақты тапсырмалар қойған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс құрамындағы аудан қала әкімдіктерін жаңа ауданға көмектесуге шақырды. Алакөл ауданы Нарынқолда жаңа спорт алаңы мен сквер саламыз десе, Қаратал ауданы 1,5 шақырымға заманауи жарықтандыру желісін қосып беретінін айтты. Ал, Қарасай ауданының әкімі 100 мың кірпіш жеткізіп беретінін мәлімдеді. Өзге аудан қалалар да ақылдаса отырып, көмек көрсететінін жеткізді.

«Күншығыстағы көршіміз Райымбек ауданының әкіміне «Сендер өзі мына жақта тұрасыңдар ма? Үнемі қап-қараңғы болып тұрады» деп қалжыңдайды екен. Бұдан былай шекараға жақын орналасқан Нарынқол ауылы үнемі жарқырап тұратын болады. Ол үшін қажетті қаржыны береміз, барлық алғышартты жасаймыз. Енді тек табандылықпен жұмыс істеу керек!» деп облыс басшысы Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаровқа нақты тапсырмалар берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK