ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслихаттың қолдауымен Сатпаев Рыскелді Ахметқалиұлы Талғар ауданының әкімі қызметіне тағайындалды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Талғарға арнайы барған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аудан активінде жаңа әкімді таныстырды. Өңір басшысы басқосуда Рыскелді Сатпаевтың көп жылдық еңбек тәжірибесін ескеріп, оның үлкен мектептен өткендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өзінің жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында Талғар ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуына күш салады деп сенім білдірді.

Р.А.Сатпаев 1961 жылы туған, білімі жоғары,  Алматы  сәулет-құрылыс институтын – инженер-құрылысшы, Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін – халықаралық-экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы облыстық тресінің учаске мастері болып бастаған.

1984-1990 жылдары «Алматы-облколхозстрой», «Алматыобл-агропромстрой», «Алматаагрострой №1» мекемелерінде инженер, бас инженер, «Казкиноремтехпром» көпсалалы кәсіпорнының прорабы  қызметтерін атқарды.

1990-1999 жылдары «Казглавкино» Республикалық кино билет-материал базасының, «Казкульт» республикалық киноматериал базасы филиалының директоры, «Казкинокомплект» Акционерлік Қоғамының президенті, CEVLAN INSAAT құрылыс компаниясы өкілдігінің басшысы болып істеді.

1999-2008 жылдары Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009  жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы, бас консультанты, 2009-2011 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, осы министрлікте әкімшілік-кадр жұмысы Департаментінің директоры, 2013 жылдан бүгінгі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, өңірлік даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарып келді.

Айта кетейік, Талғар ауданын 5 жыл басқарған Райхан Нұрмырзақызы Садықова басқа жұмысқа ауысуына байланысты бұл қызметтен кетіп отыр. Ол аудан ауыл шаруашылығының ілгерлеуіне және халықты жұмыспен қамту жолында атқарқан істері мол. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірнеше балабақшаның ашылуына септігін тигізген. Шағын кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларының дамуына өзіндік үлесін қосты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK