Ауыл шаруашылығын дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру Мемлекет басшысы жүктеген басты міндет. Биылғы жылдың 9 айында жалпы Талдықорған қаласы бойынша 20,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Мамандардың мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Осыған байланысты жақында біз келе жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Талдықорған қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мақсат Ерғараевқа жолығып, біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.

 — Мақсат Көпжасарұлы жалпы қазір Талдықорған қаласы бойынша қанша егістік жер бар, оған қандай дақыл түрлері себілді?

      – Бүгінде талдықорғандық шаруалар егін еккен жер көлемі 6200 гектарға жуық. Оның 1554 гектар алқабына бидай, арпа, жүгері сынды дәнді дақылдар, 2 мың гектарға жуық жерге майлы дақыл, қалған бөлігіне қант қызылшасы, мал азығы, көкөніс пен басқа да бақша өнімдері себілген. Ал, Талдықорған қаласына қарасты 566 шаруа құрылымдары бар. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Жыл сайын мал саны да артуда. Мәселен, биыл мүйізді ірі қара мал саны 11 мыңға жуықтаса, 26 мыңнан астам қой, ешкі, 3700 басқа жуық жылқы, 50-ге тарта түйе бар. Осыған сай аймақта төрт түлік малға арналған арнайы жайылымдық және жем-шөп өсіретін шаппалық жерлер бар. Осы арқылы әр шаруашылық иелері малын бағып, шаруасын дөңгелетіп келеді.

      – Қыс қыр астында. Енді осы малдардың қыс қырынан қысылмай өтуіне қандай дайындықтар  жасалды?

      – Ата-бабаларымыз қыстың қамын жаз ойла деген ғой. Жаз бойы еңбектенген шаруалар күзгі жиым-терім жұмыстарымен қатар мал азығын дайындады. Биыл облыс орталығына қарасты шаруалар өздеріне тиесілі жерлерден жем-шөп жинаумен қатар аймақтағы Ақсу, Көксу, Ескелді, Қаратал және басқа да көрші аудандардан тиісті мал азығын сатып алды. Онда сығымдалған бір сандықша жоңышқаның бағасы – 600-700 теңге аралығында болса, 1 келі жемнің бағасы – 80-120 теңгені құрады. Соның нәтижесінде биыл шаруалар 25 мың тоннадан астам шөп, 3100 тонна пішендеме, 4 мың тонна сабан, 5 жарым мың тоннаға жуық жем, 6 мың тоннаға сүрлем дайындалды. Міне, бұл облыс орталығына қарасты мал азығын толық қамтамасыз етіп, малдың қыс қырынан қысылмай шығуына мол мүмкіндік бермек.

  – Биыл егін шаруашылығына байланысты тұқым, тыңайтқыш және су мәселелерінде еш қиындық болмады ма, өнім көрсеткіші қалай болды?

Йә, ел ырысы еңбекте. Жерден игіліктенуші шаруалар үшін тұқым мен тыңайтқыштың сапалы болуы, суармалы алқаптарға еш кедергісіз су жеткізу ауадай қажет. Өңірдегі диқандарда тұқым, тыңайтқыш, су және көктемде күзде бөлінетін арзандатылған жанар-жағар май мәселелері алдын ала ойластырылған. Бүгінде шаруалардың қандай тұқым түрін қолдануы өздерінің еркінде. Негізі қант қызылшасының отандық және шетелдік 17 тұқым түрі бар. Кейбір егіншілер Франция мемлекетінің сапасы ең жоғары «Ардан» атты қызылша тұқымын пайдаланса, кейбіреулер отандық қызылша тұқымын себеді. Су – тіршілік көзі, мол өнім кепілі. Енді алқаптарға су жеткізу мәселесіне тоқталып өтетін болсақ, қала аумағында жалпы ұзындығы – 132 шақырымнан асатын арық жүйесі бар. Оның 45 шақырымы темір-бетонды арықтар. Суармалы жерлерді сумен қамту бойынша жыл сайын көктемде өңірдегі «Қазсушар» кәсіпорнымен арнайы келісімшарт жасалады. Олар суармалы жерді қажетті сумен қамтамасыз етуге міндетті.  Әр жылы ауыл шаруашылық құрылымдарына су беру мамыр айының 15 күнінен бастап 10 қазанға дейін жалғасады. Енді биылғы қала диқандарының қол жеткізген өнім көрсеткіші де жаман емес, биыл талдықорғандық шаруалардың табысы мол деуге болады. Атап айтсақ, орташа есеппен жүгеріден -42, арпа, бидайдан 17-18 центнерден,  май бұршақтан 23, күнбағыстан 16 центнерден жоғары өнім жиналды.

 

– Талдықорған аумағында биыл ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен халықты сапалы азық-түліктермен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жасалды?

   – Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында 22 қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Оның ішінде 6 шағын наубайхана, 1 шағын диірмен, 2 шұжық, 1 макарон цехы, 3 сүт зауыты, 1 құс фермасы, 4 мал азығын дайындайтын орын, 3 мал және құс сою алаңы мен 1 мал сою пункті жұмыс жасайды. Соңғы бірнеше жылдан бері Талдықорған тұрғындарын табиғи да таза азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы «Жерұйық» әлеуметтік сауда орнында үнемі апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Оған өңірдегі басқа да аудан, қалалардың шаруалары өз өнімдерін әкеліп, күнделікті базар бағасынан 15-20 пайыз арзан саудаланады. Бұл біріншіден, халықты сапалы да табиғи өнім түрлерімен қамтамасыз ету болса, екіншіден,  шаһардағы азық-түлік бағасының беталды шарықтап кетуінің алдын алуға мол мүмкіндік беруде.

  – Шаруаларға үкіметтен бөлінетін қаржылай қолдау, басқа да  атаулы көмектер қалай беріледі?

 — Үкіметтен ауыл шаруашылығына бұрыннан келе жатқан бірқатар қаржылай қолдаулар бар. Олар  «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында түрлі өнім өндірушілер мен кәсіпкерлікті қолдауға, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары арқылы мал санын көбейтіп, мал тұқымын асылдандыруға бағытталған. Мұндай қолдаулар бұрынғыдай емес қазір облыстық ауыл шарауашылығы басқармасы арқылы беріледі. Қалалық бөлім тек диқандардың құжаттарын реттесіп тиісті өтініштерін жеткізеді. Сонымен қатар, Жетісу жерінде жаппай  қызылша өсірілетіндіктен шыққан өнімді қант зауыттарына өткізген соң жасалған келісім бойынша қызылшаның әр тоннасы бағаланып, жарымы мемлекет тарапынан субсидияланады.

— Әңгімеңізге рақмет!                         Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK