Жетісу облысының тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуді жақсарту үшін алғаш рет қатерсіз және қатерлі ісіктерді емдеудің жаңа әдісін енгізді. Облыс орталығы Талдықорғандағы көпсалалы аурухананың директоры Мадияр Өмірбаевтың жетекшілігінде радиожиілік абляциясын (РЧА) пайдалану қолға алынды. Бұл әдіс қазіргі заманның аз инвазивті және тиімді әдісі болып табылады.

Сонымен бірге аймақта интервенциялық емдеу әдістерін енгізудің жақсы нәтижелеріне  сәйкес «Диагностика мен емдеудің Рентгенхирургиялық әдістері» бөлімшесін ашу туралы тың шешім қабылданды.

Мадияр Аманкелдіұлының айтуынша, сатып алынған генератор аппараты тері астындағы хирургиялық процедураларда, лапароскопиялық интраоперациялық коагуляцияда және тіндердің абляциясында қолданылады. Генераторды сатып алғаннан кейін клиникада паренхималық органдарға: бауырға, өкпеге, бүйрекке, сүт безіне, бүйрек үсті безіне, қалқанша безге қатерлі және қатерсіз ісіктерге хирургиялық араласудың жаңа түрлерін жүргізуге мол  мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыс істемейтін сүйек ісіктерінің ішінара немесе толық абляциясы (қатерсіз кіші түрлерін қоса: остеоидтар мен остеомалар; сүйектің қатерлі метастаздары; гинекология мен урологияда — эндометриялық қан кетулер, миомалар және аденомиоздар кезіндегі абляция; варикозды тамырлардың абляциясы және тамырлы ақаулар бар) жасалады.

 Осыған байланысты, Жетісу облыстық  денсаулық сақтау басқармасының  қолдауымен клиникада «Қатерлі және қатерсіз ісіктерді емдеудегі интервенциялық хирургия мүмкіндіктері» тақырыбында жаңа бөлімшенің ашылуына орай арнайы  мастер класс өткізілді.

Мастер класс шеңберінде пациенттерді қатерлі ісік және бауыр ісігі аурулары кезінде химиоэмболизацияға іріктеу, өкпе және жатыр мойны обыры ісіктерінде өңірлік химиоинфузия мүмкіндігі, сондай-ақ бүйрек обыры мен жамбас ісігі ауруларында ісіктерді эмболизациялау мүмкіндігі мәселелері талқыланды.

Осы орайда республиканың жетекші интервенциялық хирургы және осы бөлімшенің меңгерушісі И. Е. Нұрсейітов өз тәжірибесімен бөлісті.

Аталған шараға белгілі профессор Дауранбек Арыбжанов және Астана қаласының танымал рентгенхирургы Мун Евгений қатысты. Мастер класстың бірінші күні 7 операция жасалды. Атап айтсақ,   бауыр ісіктерінің трансартериалды химиоэмболизациясы және жатыр, көкбауыр артериясының эмболизациясы,  қалқанша безінің қатерсіз ісіктері сынды дерттер бар.

Мамандардың сөзінше, жасалған барлық операциялар сәтті және асқынусыз өтті. Интервенциялық хирургия әдістері сырқат адам үшін аз инвазивті және ауыртпалықсыз оңалту кезеңі қысқа уақытты құрайды.  Қатерсіз ісіктер үшін РЖА жүргізгеннен кейін науқас алғашқы күндері амбулаториялық деңгейде қаралуына бар мүмкіндік қарастырылған.

Мастер класстың екінші күні алынған материалды бекітуге бағытталды. Аудандардан және қалалық онкологиялық орталықтардан шақырылған әріптестер үшін ГЦК дәрі-дәрмекпен емдеу, ТАХЭ және РЖА енгізу бойынша шетелде дәлелденген материалдар, сондай-ақ ҚР-да осы әдістерді қолдану тәжірибесі тақырыптары бойынша ғылыми баяндамалар жасалды.

Қазіргі уақытта бүйрек пен өкпенің қатерлі ісіктерін емдеудің заманауи ерекшеліктерін зерттей отырып, клиника осы локализация бойынша химиоэмболизацияның аз инвазивті әдістерін енгізуді және өз мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын мұндай емдеу әдістемесін Алматы және Астана қалаларындағы онкология және радиология институттары сияқты 3 деңгейдегі медициналық мекемелер ғана меңгерген. Енді аталмыш операция Талдықорған қаласындағы облыстық  көпсалалы клиникада да жасалатын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK