Қазақстан Республикасының  кезектен тыс өткен Президенттік  сайлауда ешбір дауыс беру учаскесінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ, — деп хабарлады «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының атқарушы хатшысы Арыстанғали Арын өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.

Арыстанғали Қадырұлы сайлау заң аясында, ашық әрі әділ өтті деп санайды. Жетісу өңірінің жұртшылығы сайлауда жоғары белсенділік танытып, республика бойынша топ жарды. Жетісулықтар дауыс беру күні еліміз бойынша ең алғашқы орынға шықты. Бұл  насихат жұмысының жоғары көрсеткіші әрі сайлауалды дайындықтың жемісті нәтижесі деп санайды.

«Жалпы дауыс берушілер қатарынан Қ.Тоқаевты қолдаушылары ең көп облыс – Жетісу өңірі. Біздің облыстан дауыс берушілердің 81,43 пайызы Халықтық коалиция үміткерін қолдады. Бұл біз үшін үлкен абырой, үлкен мәртебе. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа Exit poll қорытындысымен танысуға келгенде Жетісу облысы тұрғындарына ерекше алғыс айтып, мерейімізді одан әрі тасытты», — деп ой бөлісті спикер.

«Дайындық жұмыстары жөнінде айтатын болсақ, бізге облыс және аудандарда арнайы штабтар құрылды. Штабтар құрамына біздің партияның ғана емес, өзге де саяси ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің белсенді азаматтары, өңірге танымал тұлғалары енді.  Олардың барлығы үміткеріміздің сенімді өкілдері болды. Біз бірлесіп үгіт-насихат жұмысын атқардық. Облыстың барлық елді мекендеріне барып, халықтың  түрлі санаттарымен кездесулер өткіздік. Одан өзге, Халықтық коалиция жанынан құрылған облыстық, аудан-қалалық штабының мүшелері де бұл шараларды әлеуметтік желілерінде ақпараттандырып жүрді.95 мыңнан астам жарияланым жарық көрді. Біз осындай ауқымды жұмыс нәтижесінде өңір тұрғындарына өз үміткеріміздің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, күнделікті ақпарат беріп отыруға тырыстық», — дейді Арыстанғали Қадырұлы.

Жалпы сайлау науқанына дайындық жұмыстары үстіміздегі жылдың 12-қыркүйегінен 18-қарашасына дейін өткізілді. Осы кезең аралығында 1587 іс-шара ұйымдастырылып, облыс аумағында 97 мыңнан астам адам қамтылған. Үгіт-насихат кезеңінде өңірде 1254 сенімді өкілі жұмыс атқарды. Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде 418 сенімді тұлға және «AMANAT» партиясының 836 бақылаушысы жұмыс жүргізген.

«Алда бізді қызу әрі қауырт жұмыс күтіп тұр. Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты тұжырымдамасында барлығымызға ауқымды міндеттеме жүктеп отыр», — дейді Арыстанғали Арын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK