500 орындық жаңа жатақхана салу жоспарлануда

272
Фото авторы А.Нұршанов

Қазіргі таңда еліміздің  жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас білім алса, олардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грант иегерлері. Президент бес әлеуметтік бастамада  жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін баса айтты. Яғни, бұл орайда жатақханаға деген сұраныстың артатындығы айтпаса да түсінікті.

“Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді” — деді Н.Назарбаев. Осы орайда өңіріміздегі қарашаңырақ І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевпен сұхбаттасқан едік.

Қуат Баймырзаев

-Елбасының бес әлеуметтік бастамасы атты халыққа Үндеуінің үшінші бастамасы студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталған. Н.Ә.Назарбаев білімгерлерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өте өзекті екендігін ескере отырып, жатақхана тапшылығын шешуді міндеттеді. Университет Елбасы тапсырмасын орындауды, яғни, жаңа жатақхана салуды қашан қолға алмақ?

Елбасы Үндеуінде айтылған студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі өте орынды. Әрине, бұған дейін де студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Десек те,  Президенттің «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын», — деуі  мәселенің түйінін тарқатқандай болды.  Мұның білім ордаларының жағдайын жақсартуға, студенттердің күнкөрісіне,  сабаққа алаңсыз қарауына ықпалы зор болары сөзсіз. Жетісу мемлекеттік университетінде 524 орындық екі жатақхана бар.  Дегенмен де Елбасы Үндеуінен кейін студенттерге жаңа жатақхана салу мәселесі көтеріліп, облыстық әкімдікпен келісім жүргізілді. Алдағы уақытта  500 орындық жаңа жатақхана салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жер бөлініп, құжаттар дайындалып жатыр.

-Білімгерлерді жатақханамен қамтуда ең әуелі қандай мәселелерге назар аударылады?

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуде ең бірінші олардың әлеуметтік жағдайы басты назарға алынады.  Бірінші кезекте университет жатақханасында ата-анасы жоқ  балалар тегін тұрады. Одан кейін, көп балалы  отбасынан шыққан студенттер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, облыс орталығынан шалғайда орналасқан елдімекеннен келген білімгерлер тұрады. Жалпы, жатақханада тұруға ниет білдірген  студенттердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген деуге болады. Қазіргі таңда жатақханасыз қалып,  орын жетпей  сенделіп жүрген студенттер жоқ.  Барлық тілек білдірген жастарды жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз. Білім ордасында қалада және қала маңайында тұратын студенттер қатары көп болғандықтан олар “Студенттер баспанасына” мұқтаж емес.

-Жатақхана студенттердің тек жайлы баспанасы ғана емес, сонымен қатар, рухани-мәдени дамуына да септігін тигізетін орын екендігі белгілі. Бос уақыттарын тиімді пайдалануға байланысты қандай шаралар өткізіледі?

Жатақхана студенттердің екінші үйі болғандықтан, оларға қолайлы орта қалыптастырумен қатар тәрбиелік – танымдық маңызы зор шаралар жоспарлы түрде ұйымдастырылып тұрады. Әр факультет ұстаздарынан кезекшілік қойылып,  олар түрлі тақырыпта кураторлық сағаттар өткізеді.  Жыл бойы тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлім жылдық жоспарға сай  мерекелерге байланысты кештер, танымал тұлғалармен кездесулер, дін, адамгершілік, патриоттық, жеке гигиена сынды тақырыптарда дөңгелек үстел өткізіп отырады.  Жыл сайын “Үздік бөлме”, “Үздік қабат” байқауы ұйымдастырылады. Студенттік кеңес мүшелері  де түрлі шараларға белсене атсалысып ән-би,  әзіл-ысқақ кештерін  өткізеді.

-Жатақхананың материалдық-техникалық базасы туралы айтып өтсеңіз?

Асхана

Студенттер үйі қонақүй үлгісінде жабдықталған. Жатақхана тұрғындары өздерін жайлы сезінуі үшін тұрмысқа қажетті  техникамен, жұмсақ жиһаздармен барынша қамтылған. Әр бөлмеге теледидар қойылған.  Ас даярлайтын, кір жуатын бөлмелерде соңғы үлгідегі  тұрмыстық құралдар орнатылған. Студенттердің бос уақытын тиімді өткізуіне, түрлі танымдық шаралар ұйымдастыруға арналған   демалыс, кіші кітапхана залдары, компьютер сыныптары бар.  Wi-Fi желісі барлық студенттер үшін тегін.

Сұхбатыңызға рақмет!

Ақмарал, білімгер: Менің жатақханада тұрып жатқаныма алғашқы жыл.  4 курс білімгерімін. Осы уақытқа дейін белгілі бір себептерге байланысты ауылдан қатынап жүріп оқыдым. Менің ойымша жатақхана білімгерлердің екінші үйіне айналып кеткен. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқандықтан болар, мұндағылардың бәрі бір отбасының баласы іспеттес. Студенттерге барлық жағдай жасалған деуге болады. Барлығының басы қосылғанда нағыз қызық басталады. Ән айтамыз, көңілді ойындар ойнаймыз, спортпен шұғылданамыз. Студент атанған адам жатақханада тұрып көруі керек. Себебі, студенттік өмір сонысымен қызық емес пе?!

Анар Бидамбекқызы

Анар Бидамбекқызы, жатақхана коменданты:  Жатақханада қызмет етіп жатқаныма жеті  жыл уақыт болды. Мұндағы әр білімгерді өз баламыздай көреміз десем артық айтпаған болар едім. Отбасылық өмірге қадам басқандарына да куә болып, қуаныштарына ортақтасамыз. Өмірлеріндегі барлық жағдайлардан хабардар болып отырамыз. Бұл ана мен бала арасындағы нәзік қарым-қатынас тәрізді. Олардың жатақхананы екінші шаңырақ, осындағы әрбір жанды жақынындай көретіндіктерінің белгісі деуге болатын шығар.  Қандайда бір қиыншылықтарға тап болса, ең алдымен маған келеді. Мәселелерін бірге шешуге тырысамыз. “Тәртіпке бағынған құл болмас” дегендей біздің де өзіміздің ішкі тәртібіміз бар. Сол бойынша жұмыс жасаймыз. Нәтижесінде ешқандай қателіктер орын алып, ескерту болмаған екен. Біз көптеген мәдени, танымдық, спорттық шаралар өткіземіз.  Дәл қазір екі жатақхана арасында волейболдан, шағын футболдан және үстел теннисінен жарыс өтуде. Одан кейін Наурыз мерекесін атап өтеміз. Жатақхананың жағдайы өте жақсы. Барлық жағдай жасалған. “Қала бойынша ең жақсы жатақхана сіздердікі” деген пікірлер жиі айтылады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK