Біздің үкіметте халықтың табысын арттыруды көздейтін кешенді жоспар бар. 4 бағыт бойынша жүзеге асып жатқан 2025 жылға дейінгі сол жоспарды жүзеге асырсақ, халықтың жылдық табысы 4-5 пайызға өсіп, 2 млн-нан аса жұмыс орны құрылады екен. Инфляция 20 пайыздан асқанын ескерсек бұл жұмыс істемейтін жоспар сияқты. Айлыққа қосылған азғантай ақшаны күнделікті қымбаттау әп-сәтте жұтып қояды. Сондықтан жұрт үстемесі 50 пайыздан асатын микро қаржы ұйымдарына жүгінеді. Несиеге азық-түлік алады, қарызға өмір сүреді.

Сөзіміз жалаң болмасын, ҚР Ұлттық банк ұсынған мәліметтерді келтірейік. 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде экономикаға 25,6 трлн теңге кредит берілген. Оның 50,6% бизнес кредиттер болса,  49,4% халыққа берілген кредиттер. Халыққа берілетін кредиттер жыл басынан 11,9% ұлғайып, 12,7 трлн теңгеге жеткен.

Хош. Дұрыс, әркім өзі үшін жауапты. Несие қамытын мойнына адамдар өз еркімен киеді. Әрине, жетіскенен емес, жетпегеннен алады. Мәселен, қарапайым отбасын алайық. Еркегі айына 200 мың тг жалақы алады дейік. Ол отбасындағы 2 оқушы мен 1 жастан енді асқан шақалақты бағып қағуға жете ме? Дамыған мемлекеттерде азаматтардың айлық табысының 8-10 пайызы азық-түлікке жұмсалады екен. Ал, бізде табыстың 80-90 пайызы тамаққа жұмсалады. Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 37 мың теңгеден сәл асады. 5 адамнан тұратын отбасының ашықпауы үшін кемінде 185 мың теңге қажет. Бұл есепке пәтер жалдау, коммуналдық төлемдер, күнделікті жүріп-тұру, киім-кешек шығындары кіріп тұрған жоқ. Содан несие алмағанда қайтсін! Тіпті, несие берілетін болды деген хабарды естігенде бөркін аспанға атып қуанатынын қайтерсің. Алардан бұрын берерін неге ойламайды деп кейисің.

Қарап тұрсаң несие алған тұтынушы бар ауырпалықты арқалағандай көрінеді. Негізі тұтынушының құқы біздің заңдарда жақсы қорғалған. Мәселен, тұтынушы алған несие бойынша жыл сайын ешқандай индексация қосылмайды. Сондай-ақ, кепілсіз несие алғандар міндетін орындай алмаса 90 күннен кейін банк үстемесі тоқтайды, кепілмен несие алғандар үшін 180 күннен кейін үстеме (пения) жүрмейді. Бұл заңмен бекітілген. Бірақ оны білу, қолдану үшін сауатты болу шарт.

Мамандар отандастарымыздың қарызға белшеден батуы – қаржылық сауаттың аздығынан дейді. Осы тұрғыда көздері ашылса, банктер мен түрлі ұйымдардан несие алушылар азаяр еді. Тіпті, сұраныс болмаса, нарықтағы ұсақ несие беретін ұйымдардың қызметі өзінен өзі керексіз боп қалар еді. Таяуда еліміздегі ең ірі қаржы институтының  өкілінен осындай мазмұндағы қисынды пікір естідім.

Қаржылық сауатты қалай арттырамыз? Иә, түрлі курстар, байқаулар, дәрістер бар. Ғаламторды ақтарсаңыз мың сан ақылды адамдарға жолығасыз. Әрине, олардың пікірін, ақыл-кеңестерін тыңдағанның айыбы жоқ. Бірақ, теорияны іске асыру керек. Қиындық осы жерден туындайды. Айына 20-50 мың теңгеден жинай алмай жүрген көпшілік қолма қол байысам деген утопиялық арманның жетегіне қалай түскенін білмей қалады. Бұл арман – өте қауіпті! Оның салдарынан адамдар алаяқтардың оңай олжасына айналады. Күнделікті айналымызда болып жатқан оқиғалардан ондай мысалды мыңдап келтіруге болады.

Теңіз тамшыдан құралады. Теңге тиыннан жиналады. Байығысы келетін адамдар үнем деген сөзге терең мән беруі керек. «Тарта жесең тай қалады» дейді дана қазақ. Енді үнемнен жиналған қаржыны қалай көбейту керек?

Көпшілік басы артық қаржы жиналса, алғашқы жарнаға жеткізіп ипотекаға үй рәсімдейді. Сөйтіп тағы 10-15 жылға мойнына қамыт киеді. Себебі жылжымайтын мүлікті сенімді валюта санайды. Бұл стереотип.

Мәселен сіздің басы артық пәтеріңіз бар делік. Нарықта кем дегенде 20 млн тұратын сол пәтерді сіз айына 100 мың теңгеге жалға бересіз. Егер сол үйді сатып, қаржыны 10 млн теңгеден бөліп (себебі мемлекет 15 млн теңгеге дейінгі депозиттерге кепілдік береді) екі депозитке сап қойсаңыз, әр қайсысынан 120-130 мың теңге көресіз (банктердің қойған мөлшерлемесіне қарай). Сонда сіздің сатылып кеткен пәтеріңізден ай сайын кемінде 240 мың теңге пайда түседі. Әрине, пәтер құнын жоғалтпайды ғой дерсіз. Рас. Бірақ, пәтер қашан қымбаттайды деп жүргеннен гөрі ай сайын таза пайда тапқан артық. Әрі, депозиттегі ақша сіздің пәтер жалдаушы болып жүйкеңізді жұқартпайды, жөндеуге деп ақша сұрамайды.

Қор нарығы, бағалы қағаздар нарығы деген әзірге көпшілік үшін қараңғы бөлме секілді. Халықтық IPO деген дүниені естіген шығарсыз? Компаниялардың акциялары мен бағалы қағаздары шығарылатын биржаларда байып кетуге болатыны рас. Бірақ, бар табыстан айырылып қалу тәуекелі бар. Бұл жерде сізге ешкім кепілдік бермейді. Дегенмен, бұл салада халық игілігіне жақсы қадам жасалып жатыр деп айтуға болар. Таяуда «Самұрық қазына» әл ауқат қоры мен Ұлттық банк құрылтайшысы боп табылатын «ҚазМұнай Газ» АҚ IPO-ға шығарылмақ. 1 акциясының құны – 8406 теңге. Өтінімдер қабылдау 2-желтоқсан сағат 15-00-де аяқталады. Бақ сынап көрем деушілер болса мархабат.

Кейінгі кезде «Алған несиемізді кешіре салса», «Қарызымызды ұмытып кетсе», «Терлемей-ақ мал тапсақ» деген масылдық ойлар жиі айтылып жүр. Бұл жақсылық емес. Уәдесін құдай сөзі санаған, міндетін мінсіз атқарған елдің болмысы бұзылып бара жатыр ма дерсің…Сауатты болсақ масылдыққа бой алдырмас едік…

Данияр Болысбекұлы

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK