Кәсіпті дамытуға мемлекеттік қолдау, осы секторды қуатты ынталандыру «Даму» қорының  Жетісу облыстық филиалы көмегімен мүмкін болуда. Оған біз Талдықорған қаласы бойынша өткізілген пресс-тур аясында көз жеткіздік.

Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалары қалай жүзеге асырылып жатқандығы турасында өңірлік филиал директоры Абляхат Балтаев айтып берген еді. Осы 2022 жылдың 9 айында кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры Жетісу облысының кәсіпорындарына жалпы сомасы 25,87 млрд. теңгеге 171 жоба және Алматы облысы бойынша жалпы 22,27 млрд. теңгеге 396 жобаны пайыздық мөлшерлемемен субсидияландыру түрінде қаржылық қолдау көрсетіліпті. Осылайша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шарттары кәсіпкерлерге тиімділік әкелген. Жобалық несие сыйақы мөлшерлемесін азайтуға және де ай сайынғы төлемді азайтуға мүмкіндік берілген.

 БАҚ өкілдеріне  кәсіпкерлерге жасалып жатқан көмектің тиімділігін  көрсетуді мақсат тұтқан баспасөз туры  барысында Талдықорған қаласында орналасқан бірнеше кәсіпорынға барып, жұмыстарымен танысып қайттық. «JLC  Сүт»  ЖШС 2009 жылдан бері нарықта өз өнімдерін  халыққа ұсынып келеді. 2010-2014 жылдары кәсіпорын Талдықорған сүт зауыты қайта құру кезеңі саналса, 2014 жылдың тамыз айынан бері сүт өнімдерінің кең ассортиментін шығару қолға алынған.  Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті кәсіпорын сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи автоматтандырылған  қондырғылармен жабдықталып отыр. Компания директоры Ольга Богданованың айтуынша, кәсіпорын сүт өнімдерінің  ассортиментінің 60-қа жуығы сұранысқа ие болуда. Мәселен,  бұл компанияның   өнімін, яғни,  сүт, айран, био-йогурт, сүзбе, қаймақ, құрты  халықтың  күнделікті тұтынымында. Өнімдер дүкендер желісі арқылы Талдықорған, Қонаев, Алматы қалаларында үлкен сұраныста.

Аталмыш кәсіпорын   екінші деңгейлі банк арқылы «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы» бағдарламасы негізінде 19 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру алып, 12 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Суреттерді түсірген Жұмабай Мұсабеков

Тұрғын үй, өндірістік үй-жайларды және кеңсе ғимараттарын жылыту жүйесіне арналған  қазандық , жабдықтарды шығаратын «TeploStandart» ЖШС  өнімдері жергілікті жерде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге таныс. «TeploStandart»  және «Kurgan» сауда маркасымен тіркелген кәсіпорынның барлық өнімі сапа стандартына сәйкес келеді. Өндірісті модернизациялау, қызметін кеңейту мақсатында компания мемлекеттік қолдауға жүгінген. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы негізінде «Даму» қоры банкке кепілдендіру жасаған. Қордың мақсаты екінші деңгейлі  банктер арқылы  жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, лизингтік мәмілелерді, қаржы ұйымдарын жеңілдікпен қаржыландыру, банк алдында кепілдік берумен қатар, оқыту, ақпараттық-талдамалық қолдауды жасайды.

Сондай қолдауға ие болған «Талдықорған кабель зауыты» ЖШС өнімі өзімізде ғана емес, шетелде кеңінен танымал және сұранысқа ие. Бұл кәсіпорын 8 мыңнан астам маркалы кабельдік және сым бұйымдарын шығарады. Стандартты кабель өнімдері ғана емес, сонымен қатар заманауи һөрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін арнайы қуат кабельдері де өтімді көрінеді. «Даму» қорының кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында несиені кепілдендіру және субсидиялау арқылы несие мөлшерлемесін жылдық 19,5 пайыздан 6 пайызға төмендету арқылы  демеу жасалған.  Әрбір кәсіпорынның жауапты басшылары БАҚ өкілдері сауалдарына жауап берді. Кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK